Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мерзімі созылып кетті": Бектенов "Самұрық-Энерго"басшысына Алматыдағы ЖЭО-3 жобасын тезірек аяқтауды тапсырды

орталық
Фото: freepik.com

“Самұрық-Энерго” АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Алматыдағы ЖЭО-3 жобасының мерзімі кейінге шегерілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында "Самұрық-Энерго" басшысынан Алматы ЖЭО-3-ке қатысты жағдайды сұрады.

“Маған келіп түскен ақпаратқа сәйкес, мерзімдердің бұзылу фактілері бар. Сіз мұны білесіз ғой? Барлық жұмысты уақытында аяқтау қажет. Бұл сіздің жеке жауапкершілігіңізде. Екіншіден, өткен жылыту маусымында Екібастұздағы ГРЭС-1 мен ГРЭС-2-де жоспардан тыс жағдайлар мен жөндеу жұмыстарының саны артты. Осы генерация көздері бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?”, – деді премьер.

Өз кезегінде Қайрат Мақсұтов аталған станциялар 30–40 жыл бұрын іске қосылғанын айтты. Сондықтан негізгі жабдықтар ұзақ уақыт пайдаланылып, физикалық тұрғыдан тозғанын жеткізді. 

“Соған қарамастан, жөндеу жұмыстары толық қаржыландырылып отыр. Қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Жөндеу сапасына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар нәтижесін береді. Жоспардан тыс жөндеулер саны азаяды”, – деді ол.

Осыған байланысты Олжас Бектенов Екібастұз ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 негізгі энергия өндіруші нысандар екенін, оларды ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ал Алматыдағы ЖЭО-3-ке қатысты Қайрат Мақсұтов жобаның мерзімі өзгермейтінін айтты.

“ЖЭО-3-тен (Жылу электр орталығы), яғни жаңа газ станциясынан электр энергиясын желіге беру мерзімі 2026 жылдың желтоқсаны. Бас мердігер – KBI Energy Group. Консорциум құрамында өзге де компаниялар бар. Алайда жетекші мердігер – осы компания”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет келесі жылы жылыту маусымына 25 миллиард теңгеден аса қаржы бөлетін болғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 11:45