Риддердегі жылу желілері мен ЖЭО қазандықтарын жөндеуге Үкімет 1,8 миллиард теңге бөледі

Үкімет Риддер қаласындағы Жылу-электр орталығының жылу желілері мен жабдықтарын жөндеуге резервтен шамамен 1,8 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1,8 миллиард теңге 12 ең тозған учаскені және №5 пен №6 қазандық агрегаттарын күрделі жөндеу жобаларын аяқтауға жұмсалады.
"Жұмыстарды жүргізу қажеттілігі техникалық тексеру нәтижелерімен расталды. Мамандар бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін учаскелер мен жабдықтарды анықтады. Өткен жылыту маусымы барысында онда ақаулар мен тозу белгілері анықталған", – делінген хабарламада.
Үкімет жөндеу жұмыстары жылу жүйесінің жұмыс тұрақтылығын арттыруға көмектесетінін атап өтті.
Айта кетейік, 2029 жылы Қазақстанның үш қаласында жылу электр орталықтары іске қосылады.
“Көкшетауда қуаты сағатына 820 Гкал болатын жаңа Жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Нысанда инфрақұрылым дайындалып, бетон торабының құрылысы жалғасыуда. Жабдықтар 2027 жылдан бастап жеткізіледі. Ал станция 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылады. Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталығының құрылысы жүріп жатыр. Қазақстан-Сингапур консорциумымен EPC-келісімшарттар жасалды. Станциялар 2029 жылдың IV тоқсанына іске қосылады”, – деді “Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Оқыңыз