Қазақстанда бір бөлмелі пәтерді қанша теңгеге сатып алуға болады?
Қазақстанда бір бөлмелі пәтердің бағасы өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Stan.kz әр қала мен облыстағы пәтерлер бағасын салыстырып шықты.
Елімізде пәтер бағасы бойынша алғашқы үштікті Алматы, Астана және Шымкент қалалары бастап тұр.
Алматыда екі көрсеткіштің орташа мәні 26,1 миллион теңге. Мұнда бір бөлмелі пәтер бағасы 10,3 миллионнан 41,8 миллион теңгеге дейін өзгереді.
Астанада есептелген орташа баға 23,4 миллион теңге болды. Елордадағы көрсетілген пәтер бағалары 9,6 миллионнан 37,2 миллион теңгеге дейін жетеді.
Ал Шымкентте бір бөлмелі пәтердің орташа көрсеткіші 20 миллион теңге. Ал пәтер бағасы 7,3 миллионнан 32,7 миллион теңгеге дейін көрсетілген.

Алғашқы үштіктен кейінгі орында Қостанай — 19,2 миллион теңге, Атырау — 18,2 миллион теңге, Қонаев — 16,7 миллион теңге және Ақтөбе — 16,2 миллион теңгемен орналасқан.
Ал ең төмен орташа көрсеткіштер Қызылорда мен Таразда байқалады. Қызылордада екі бағаның орташа мәні 9,6 миллион теңге, Таразда 9,7 миллион теңге болды. Қызылордадағы көрсетілген пәтер бағасы 4,2 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін, ал Таразда 6 миллионнан 13,5 миллион теңгеге дейін өзгереді.
Осылайша, кестедегі деректер бойынша Алматы мен Қызылордадағы есептелген орташа көрсеткіштердің айырмасы шамамен 16,5 миллион теңге.
Қазақстанда пәтер бағасы бір жылда 9-13%-ға өскен
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылы тамызда Қазақстанда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 625,4 мың теңге болды. Бұл 2025 жылы тамыздағы көрсеткіштен 13,1%-ға жоғары. Былтыр жаңа үйдің бір шаршы метрі шамамен 553,1 мың теңге болған.
Қайталама нарықта пәтердің орташа шаршы метрі 635,2 мың теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 582,7 мың теңге болған. Осылайша, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы бір жылда 9% қымбаттаған.
Баға барлық өңірде бірдей өскен жоқ
Өңірлер бойынша баға өсімінде айырмашылық бар. Мәселен, Алматыда 2026 жылы тамызда жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 739,8 мың теңге болды. Бұл 2025 жылы тамыздағы 647,7 мың теңгемен салыстырғанда 16,6%-ға жоғары. Қаладағы қайталама нарықта пәтердің орташа шаршы метрі 749,5 мың теңге болып, бір жылда 8,2%-ға қымбаттаған.
Астанада жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 747,1 мың теңгеге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 618,7 мың теңге болған. Демек елордада жаңа үйлердің бағасы бір жылда 15,9% өскен.
Бір бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары
Тұрғын үй нарығындағы мәмілелер құрылымында бір бөлмелі пәтерлердің үлесі де жоғары. 2026 жылы тамызда Қазақстанда көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 27 719 мәміле жасалған. Оның 10 806-сы, яғни шамамен 39%-ы, бір бөлмелі пәтерлерге тиесілі.
Алайда жалпы нарықтағы белсенділік төмендеген. Тамызда Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сатуға қатысты 35 807 мәміле тіркелді. Бұл 2025 жылы тамыздағы 41 380 мәмілемен салыстырғанда 13,5% аз.
Ал қаңтар-тамыз аралығында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға төмендеген.
Алдағы уақытта баға қалай өзгереді?
Риэлтор Қарлығаш Жүнісованың пікірінше, алдағы айларда пәтер бағасының бағыты бірнеше факторға байланысты болады. Оның ішінде ипотекалық бағдарламалардың шарттары, халықтың төлем қабілеті және нарықтағы ұсыныс көлемі маңызды рөл атқарады.
“Қазір сатып алушы бұрынғыдай кез келген пәтерді бірден ала салмайды. Үйдің орналасқан жері, жөндеуі, құжаттарының толық болуы және бағасының нарыққа сәйкестігіне көбірек мән береді. Сондықтан сатушы пәтерін тым жоғары бағаласа, оны өткізуге көбірек уақыт кетуі мүмкін. Ал жақсы ауданда орналасқан, жағдайы жақсы және бағасы негізді пәтерлерге сұраныс сақталады”, – дейді Қарлығаш Жүнісова.
Осылайша, бағаның жалпы өсуі нарықтағы барлық пәтер бірдей қымбаттап, бәрі бірдей тез сатылып жатыр дегенді білдірмейді. Нақты мәміле кезінде пәтердің орналасуы, жағдайы және сатушының бағаға қаншалықты икемді екені маңызды болады.
Айта кетейік, бұған дейін Жалақысы аз бола тұра қымбат пәтер алған қазақстандықтар салық органдарының тексерісіне ілігетіні туралы жазған едік.