Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арызымды сотқа жеткізбей отыр": Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Бердах Бекетов президентке үндеу жасады

Бердах Бекетов
Фото: Instagram.com/berdax_beketov

Қаңтар оқиғасына байланысты 7 жылға бас бостандығынан айырылған Бердах Бекетов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол жазасын өтеп жатқан мекеме басшылығы құқықтарын шектеп, мерзімінен бұрын босату туралы өтінішінің сотқа жетуіне кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған үндеуінде Бердах Бекетов түзеу мекемесіндегі жағдайға шағымданып, президенттен араша сұрады. Оның айтуынша, мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы қызметтік өкілетін асыра пайдаланып, өзіне қысым көрсетіп отыр.

“Құрметті Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев! Мен, Бердах Бекетов, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бойынша 7 жылға сотталғанмын. Сізге үндеу жасауға мәжбүрмін. Себебі жазасын өтеп жатқан №1 мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы Конституция талаптарын бұзып отыр. Ол лауазымын асыра пайдаланып, ар-намысым мен қадір-қасиетімді қорлап, азаматтық құқықтарымды шектеп, мені қудалап жатыр”, – деді ол.

Бекетовтің сөзінше, 2026 жылғы 22 шілдеде мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы сотқа өтініш берген. Алайда құжат 54 күн бойы түзеу мекемесінен әрі аспаған.

“Менің өтінішім 54 күн бойы сотқа жетпеді. Бұған мекеме басшысы кінәлі деп есептеймін. Оның айтуынша, менің арызым сотқа жетпеуі керек екен. Бұл жоғарыдан берілген тапсырма екенін айтты. Олар мені түрмеден шығармаудың амалын жасап жатыр”, – деп мәлімдеді ол.

Осыған байланысты Бердах Бекетов Бас прокуратура қызметкерлерін жіберіп, түзеу мекемесінің жұмысын тексеруді сұрады. Сондай-ақ 12 қазанға белгіленген сот отырысының әділ әрі заң талаптарына сай өтуін өтінді.

“Сізден сұрайтыным – 12 қазанда өтетін сот отырысының әділ өтуін қамтамасыз етуді сұраймын”, – деді ол.

Еске салайық, полиция Бердах Бекетовті 2022 жылы 22 қаңтарда көшеден ұстап, алып кеткен. Оған “Жаппай тәртіпсіздікке қатысты” деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. 2025 жылғы қаңтарда оған сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ол бұған дейін де тергеу изоляторында отырып үш рет хат жазған. 25 қаңтардағы хатында прокурорлар сөзін тыңдамай жатқанын, азаптау көріп жатқанын жазып, көпшіліктен араша болуды сұраған. 2 наурыздағы хатында кінәсіз екенін жазып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша болуын сұраған. 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 18:35