Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балқаш әуежайын қайта жаңғыртуға бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді

балқаш әуежай қаражат
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Балқаш қаласына барды. Ол жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет басшысы Балқаштағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын тексерді. Ол өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мен әкімдіктерге жұмыстарды күшейту үшін тапсырмалар берді.

"Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе, жолдардың сапасын жақсарту мәселесін әрдайым атап өтуде. Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде оның мақсатты жұмсалуына, ең бастысы – жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет.  Ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Әкімдік өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы жұмыстарды бақылауға алуы тиіс. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты. Бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар", –  деді Олжас Бектенов.

Биыл Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Соңғы 7 жылда елімізде 36,3 мың шақырым автожол салынып, жөнделді.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Балқаш қаласының 1967 жылы салынған  әуежайын кешенді жаңғырту жұмысының барысымен танысты. Жоба президенттің:

  • Инфрақұрылым нысандарын жаңғырту;
  • Ішкі әуе бағыттарын дамыту;
  • Туристік аумақтардың көлік қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асырылды.

Қаржыландыру елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен де қамтамасыз етілді, осы мақсаттарға Арнаулы мемлекеттік қордан 946 миллион теңге бөлінді.

 Сондай-ақ ұшу-қону жолағына шығатын жол мен перрон қайта жаңартылды. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,5 мың метр, ені 42 метр. Әуежайдың тарихи сәулеттік келбеті сақтала отырып, әуевокзал ғимараты да жаңарды.

“Терминалдың аумағы 1,8 мың шаршы метрден 2,7 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 60-тан 80 жолаушыға дейін артты. Ұшу қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін 11 бірлік жаңа арнайы техника және заманауи жабдық сатып алынды. Бүгінде әуежай инфрақұрылымы Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) стандарттарына толық сәйкес келеді”, – деп мәлімдеді Үкімет.

Жазғы маусымда сұраныстың артқандықтан Астана – Балқаш және Алматы – Балқаш бағыттарында субсидияланатын әуе рейстері аптасына бес рет орындалды. Бұдан бөлек, Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша теміржол қатынасы іске қосылды.

2026 жылғы жазғы маусым қорытындысы бойынша Балқашқа шамамен 200 мың турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты. 

Еске салайық, бұған дейін Балқаш әуежайының  инфрақұрылымы бойынша рөлдік жол мен перронды қайта құру аяқталғаны туралы жазған едік. Қаржыландырудың тоқсан пайызы республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етілді, оның бір бөлігі мемлекетке қайтарылған активтерден түсті. 

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 18:25