33 жылдан кейін Третьяков галереясы Алматыға оралды: көрмені "Самұрық-Қазына" қолдады
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде "Дәуір мұрасы. Третьяков галереясы қорындағы ХХ ғасыр өнері" атты көрме ашылды. Халықаралық жоба "Самұрық-Қазына" қоры мен "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас серіктестігімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен РФ Мәдениет министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ретінде қоғам мен елдің дамуына ықпал ететін маңызды бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясының туындыларын көрсету – Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі. Мәдени байланыстарды нығайтып, әлемдік өнермен танысуға жол ашатын әрі еліміздің заманауи мәдени ортасының дамуына серпін беретін осындай ауқымды жобаның бас серіктесі болу біз үшін маңызды", – деді "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов көрменің ашылу салтанатында.
Көрмеге ХХ ғасыр өнерінің 30 туындысы қойылған. Айта кетейік, Третьяков галереясының көрмесі Әбілхан Қастеев атындағы музейде соңғы рет 1993 жылы өткен. Осылайша, 33 жылдан кейін көпшілікке музей қорындағы өнер туындыларын қайта тамашалауға мүмкіндік туды.
Жоба өнер туындыларын көпшілікке таныстырумен қатар, Қазақстан мен Ресейдің музей мекемелері арасындағы кәсіби әрі мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Экспозиция 2027 жылғы 17 қаңтарға дейін жалғасады. Бұған дейін "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық оператоы - "Samruk-Kazyna Trust" қоры Әбілхан Қастеев атындағы музейде ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетіп, заманауи арт-лабораторияның ашылуына және 3D туры бар жаңартылған сайттың іске қосылуына ықпал етті.
Бұл бастамалар "Самұрық-Қазына" компаниялар тобының мәдениет саласындағы инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмысының бір бөлігі. Қордың қолдауымен Доссорда музей-кітапхана ашылды, Семейде көру қабілеті төмен азаматтарға арналған кітапхана іске қосылды. Қызылордада облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңаөзенде жаңа орталық қалалық кітапхана салынып жатыр. Ақтөбе, Петропавл және Орал қалаларында креативті хабтар жұмыс істейді. Ал биыл Талдықорғанда жаңа креативті орталықты іске қосу жоспарланған.
Happy Cake-тің бұрынғы қызметкерлері айыппұл салып жалақы төлемейтініне наразы болды: Қазақстандықтар жаппай байкот жасауда