Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жұп Алматыдағы қонақүйдің неке куәлігін талап еткеніне наразы болды

халал қонақүй
Фото: ЖИ

Алматыдағы қонақүй бөлмеге орналаспақ болғандардан неке куәлігін талап етіп, тек шариғат заңдарына бағынатынын айтқан. Тұрғын еліміздің зайырлы екенін тілге тиек етіп, мұндай талаптың заңға қаншалықты сай екеніне таңғалды. Stan.kz тілшісі заңгерден қонақүйдің мұндай талап қоюға құқығы бар-жоғын және қонақүй тек отбасылы жандарға нөмір бере ала ма деп сұрап көрді. 

Ғабит Гарипович есімді тұрғын Threads-желісінде Al Qasr halal hotel қонақүйіне бронь жасап, 2 адамдық орын алғанын айтады. Алайда алдын ала тек белгілі бір таптағы адамдарға, белгілі бір талаптармен кіргізетінін ескертпеді дейді. 

халал қонақүй
Фото: Скриншот

Ер адам Алматыға қызмет барысымен сүйіктісімен келген көрінеді. 

“Қонақүйге келгеннен кейін бізден неке куәлігін талап етті. Ресепшнде отырған жігіт шариғат бойынша неке куәлігінсіз кіргізе алмайтынын айтты. “Мүмкін сіз жеңіл жүрісті қызды шақыртқан боларсыз?!” деді. Мен бұл сөзге ескерту жасап, “менің қызым жеңіл жүрісті дегіңіз келіп тұр ма?” дедім. Ол шариғат бойынша оған рұқсат жоқ екенін түсіндірді. Мен мұндай талап қоюға құқығы жоқ екенін айтып, құзырлы органдарға хабарласатынымды айттым. Содан кейін ғана бізді кіргізді”, – деді ер адам.

Желі қолданушыларының да пікірі екіге бөлінді. Бірі Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және мұндай ережелердің орынсыз екенін атап өтті.

"Менің неке куәлігім болса да, ештеңе көрсетпей полицияға хабарласар едім. Өйткені қонақтарын орынсыз талап қою арқылы қорлап, өздеріне көп алып отыр", “Біз шариғи ережелерге бағынатын ел емеспіз. Әркім өз күнәларына өзі жауапты” деді олар. 

Дегенмен қонақүйдің өз ережелерін белгілеуге құқығы бар, бірақ қонақтарды тіркелу алдында ескертуге міндетті деп санайтындар да бар.

"Олар дұрыс істеп жатыр, мен де адамдардың менің мекемемде жаман нәрсе істеуіне жол бермеу үшін солай істеймін!", "Жеке бизнес өз ережелерін белгілей алады. Тек бір мәселе – брондау алдында ескерту болмаған", “Отбасылылар үшін жақсы екен”, – деді қазақстандықтар.

Al Qasr halal hotel қонақүйінің парақшасында “халал қонақүй” деп көрсетілген. Намазхана бар екені жазылған, алайда тек некедегі адамдар орналаса алатыны көрсетілмеген. 2GIS-те де қонақүйде темекі шегуге тыйым салынғаны ғана көрсетілген.

Қонақүй әкімшілігі өздерінің ішкі ережелерінде  ерлі-зайыптылар ғана бір бөлмеде тұра алатынын растады. Растау үшін АХАТ бөлімінен неке туралы куәлікті немесе мешіттен берілетін куәлікті көрсетуге болады.

Осылайша жеңіл жүрісті қыздарды әкелуден сақтанамыз дейді. Сонымен қатар онда темекі шегуге және алкоголь ішуге болмайды екен. 

Заңгер Дайана Дүйсенбекова Қазақстан заңнамасына сәйкес, қонақүйде некедегі қонақтарды орналастыру туралы жалпы талап жоқ екенін айтады.

“Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Қолданыстағы Конституцияда дін мемлекеттен бөлек екені анық көрсетілген. Сондықтан қонақ үй әкімшілігі шариғат заңдарына ерекше сілтеме жасап, азаматтарға талаптарды міндеттей алмайды”, – деді заңгер.

Сөзінше, қонақүй белгілі бір тұру ережелерін белгілеуге құқығы бар. Дегенмен мұндай ережелер заңға қайшы келмеуі керек екен. Яғни қызмет көрсетуден бас тарту үшін заңды бір негіз болуы тиіс. 

“Неке куәлігін көрсету талабы тұтынушыға алдын ала хабарланған ба, ол нақты қонақ үй ережелеріне енгізілген бе және қандай ережеге сүйеніп жасалғанын анықтау өте маңызды. "Тек ерлі-зайыптыларды қабылдау" деген саясатты ұстану ереженің автоматты түрде заңды екенін білдірмейді”, – деді ол.

Егер қонақ бөлмені алдын ала брондап, ақысын төлесе, тек келген кезде неке куәлігі туралы талап айтылса, тұтынушы мұның заңды негізін және келісімшартты талап ете алады. 

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 12:35