Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2%-дық ипотеканы жеңілдетілген несие ретінде кімдер ала алады

ипотека
Фото: magnific.com

Қазақстанда жылдық мөлшерлемесі 2 және 5%-дық жеңілдетілген ипотека ала алатын азаматтардың тізімі өзгертілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап Индустрия және құрылыс министрінің "Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына енгізілген өзгерістердің кейбір ережелері күшіне енеді.

Қазақстанда жылдық мөлшерлемесі 2%-дық ипотеканы кімдер ала алады?

Өзгерістерге сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 2%-дық жеңілдетілген ипотекалық несиеге тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтардың кейбірі ғана үміткер бола алады:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
  • Жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
  • Басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдардың ардагерлері;
  • Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе асырауындағы балалары мүгедектігі бар отбасылар;
  • Жесірлер (тұлдар);
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" төсбелгілерімен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ "Ана даңқы" ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және көпбалалы отбасылар жатады.

Бұған дейінгі бұйрық редакциясына сәйкес, жылдық мөлшерлемесі 2%-дық ипотекаға тұрғын үйге мұқтаждар ретінде кезекте тұрған және соңғы алты айдағы әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысы бес ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын Қазақстан азаматтары мен қандастар үміткер бола алатын. Яғни, бұл жеңілдетілген ипотеканы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлығы ала алатын. Олардың қатарында толық емес отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері, апатты үйлерде тұратын азаматтар және басқа да санаттар болды.

Қазақстанда жылдық 5%-дық ипотеканы кімдер ала алады?

Құжатта 5%-дық ипотекаға ("5-10-20") қатысты талаптар да өзгертілді.

Бұрынғыдай, тұрғын үй кезегінде тұрған барлық азаматтар жеңілдетілген несиеге үміткер бола алады. Алайда енді отбасының табыс деңгейіне қойылатын талап алынып тасталды. Бұған дейін, мысалы, отбасының табысы алты ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек деген талап болған.

2 және 5%-дық ипотека беру кезінде қандай табыс есепке алынады?

Сонымен қатар "2-10-20", "5-10-20" және "7-20-25" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары бойынша несие рәсімдеген кезде кезекте тұрған азаматтар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстанда еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табыстары есепке алынады.

Құжаттың бұрынғы редакциясында:

  • Жалақы, сыйақы, қосымша төлемдер, үстемеақылар, сондай-ақ ынталандыру және өтемақы төлемдерінің барлығы жеке-жеке көрсетілген;
  • Әлеуметтік және зейнетақы төлемдері, сондай-ақ мемлекеттік шәкіртақылар табыс ретінде есепке алынбайтыны жазылған.

Бұл нақтылаулар құжаттан алынып тасталды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 25 Тамыз, 2026 14:12