"Бұтыңды ашуды білесің, ал тууды білмейсің": Қазақстандық әйелдер босану кезінде акушерлерден қандай агрессия көргенін айтып берді
Босану – әйел өміріндегі ең жауапты әрі өздерін ең осал сезінетін сәттерінің бірі. Алайда кей әйелдер үшін осы күн қуанышпен емес, қорқыныш, қорлық және ауыр жарақатпен есте қалады. Осы ретте қазақстандық әйелдер Stan.kz тілшісіне босану кезінде өз бастарынан өткен оқиғаларын айтып берді. Бірі дәрігерлердің ештеңе түсіндірместен қағанақ қабындағы суын жарғанын айтса, енді бірі босану кезінде үстін күшпен басып, ауыр сөздер айтқанын жеткізді.
Ал алматылық Назым да қаладағы №1 перзентханада босану кезінде акушерлік агрессияға тап болғанын айтып берді. Әйелдің айтуынша, бірнеше рет УДЗ жасауды сұрағанына қарамастан, оған қажетті тексеріс жүргізілмеген. Кейін босану барысында қағанақ суы алдын ала түсіндірместен жарылып, толғақты күшейту үшін окситоцин қолданылған. Ал ең ауыр сәтте, Назымның сөзінше, ол медициналық қызметкерлер тарапынан күш қолдануға ұқсас әрекеттерге тап болған.
"2021 жылы 29 шілдеде кешке мені патология бөліміне ауыстырды. Таңертең УДЗ жасаймыз дегенімен, түні бойы толғақтан отырып та, жатып та демала алмадым. Дәрігер шақыруды сұрадым, бірақ түнгі тексеріс те болған жоқ. 30-ы күні таңғы 06:50-ден бастап қайтадан дәрігер сұрай бастадым. Бірақ мені тек 09:30-да ғана қарап, жатыр мойнының ашылуы 6 сантиметрден асқанын айтты. Мені қайтадан босану бөліміне ауыстырды. Сол жерде УДЗ туралы сұрадым, алайда ешкім нақты жауап бермеді. Кейін дәрігер келіп, шалқамнан жатуымды айтты да, ештеңе түсіндірместен қағанақ суын (жатырдағы нәрестені қоршап тұратын сұйықтық. Ол баланы сыртқы әсерден қорғайды және жатыр ішінде еркін қозғалуына мүмкіндік береді) жарып жіберді. Шок жағдайында тұрып қалдым", – дейді Назым.
Екі тәулікке жуық ұйықтамай, дұрыс тамақтанбаған Назымның жағдайы барған сайын нашарлай түскен. Оның айтуынша, әбден әлсірегендіктен, толғағы бәсеңдеп, дәрігерлер толғақты күшейту үшін окситоцин қолданған. Алайда осыдан кейін толғақтары күшейіп, сәбиінің жүрек соғысы жиілеген.
"Ал дәрігерлер оған дейін ұрық қабын ашып қойған еді. Акушердің айтуынша, олардың есебі бойынша мен кешкі сағат 17:00-ге дейін, ауысым аяқталғанша босанып қоюым керек болған. Осыдан кейін өте қатты, ауыр толғақтар басталды. Бұл күндізгі сағат 14:00 және 15:00-тердің шамасы еді. Біз УДЗ туралы тағы сұрадық. Сонда акушер “Жатыр мойны ашылып жатқандықтан, УДЗ жасамайды. Қалай болғанда да туасыз” деп айтты", – дейді Назым.

Кешкі сағат 5-тен кейін басқа ауысым келген. Назымның айтуынша, осыдан кейін дәрігерлер босандыру процесіне белсенді араласқанымен, жағдай күрделене түскен. Әйел дұрыс күшене алмаған, ал сәбиінің жүрек соғысы жиілеп, тахикардия басталған.
"Содан кейін баланы вакуум арқылы шығарамыз деп, мені арнайы босану креслосы бар залға алып кетті. Міне, сұмдықтың бәрі сол жерде басталды. Мен акушерлік агрессияға тап болдым. Күшену кезінде екі акушер үстіме бар салмағымен еңкейіп, қолдарымен және шынтақтарымен қатты баса бастады. Осыдан кейін 2-3 күн бойы дұрыс тыныс ала алмадым. Кейін аралықты кесті, кем дегенде, кесетіндерін алдын ала ескертті", – дейді Назым.
Назымның айтуынша, сәби дүниеге келгенде кіндік мойнына, денесіне және аяғына үш рет оралып қалған. Оның пікірінше, баланың орналасу ерекшелігі мен кіндікке оралуын УДЗ арқылы алдын ала анықтауға болатын еді. Бала дүниеге келгеннен кейін оны оттегі берілетін аппаратқа алып кеткен. Ал Назымға медициналық көмек көрсетіліп, жарақатын тіккен. Әйел сол сәтте баласының жағдайына алаңдағанын жеткізді.
"Неге екенін білмеймін, бірақ енем босанғаннан кейін акушерлерге ақша беруді шешті. Мен оған мұның не үшін босанғаннан кейін берілетінін түсінбедім. Оның үстіне, мені босану залына алып кетердің алдында енем бұрын осы жерде жұмыс істеген адамдардың фамилияларын атап, өзін бәрін танитындай көрсеткен. Сол кезде бір акушер маған тиісіп, ұрыса бастады", – дейді Назым.
Әйелдің айтуынша, босанғаннан кейін оған медицина қызметкерлері тарапынан ерекше назар немесе қолдау көрсетілмеген.
"Босанғаннан кейін ақша берілгенімен, кейін маған ешкім келіп, жағдайымды сұраған жоқ. Осы оқиғадан шығарған қорытындым, мүмкіндігіңіз болса, ақылы түрде босанған дұрыс", – дейді Назым өз оқиғасын еске түсіріп.
“Өтірік істемей тұр” деп қолымнан тартты”
Әлеуметтік желіде босану кезінде немесе босанғаннан кейін медицина қызметкерлерінің дөрекі қарым-қатынасына тап болғанын айтатын әйелдер де аз емес. Жұлдыз Қуатқызының айтуынша, босанғаннан кейін палатаға ауысу үшін орнынан тұрған сәтте аяқтарын сезбей қалған. Әйел өзінің жағдайын айтып, көмек сұрағанымен, сөзіне сенбегенін жазады.
"Аяғымды сезбей тұрмын деген едім, “өтірік істемей тұр” деп қолымнан тартып, жүргізбек болды. Бір қадам жасамай, алдыға қарай құладым", – дейді Жұлдыз Қуатқызы.
Кейін әйелде қасаға сүйегінің ажырауы симфиздің үзілуі болғаны анықталған. Оның айтуынша, осы жарақаттың салдарынан жеті ай бойы жүре алмаған.
"2019 жылы бір топ дәрігерге арыз жазылған. Бірақ ешқандай шара қолданылмады. "Тексеріс жүргізілді" дегеннен кейін бір-екі акушер ғана жұмыстан кетті, ал дәрігерлер мен басқалары орындарында қалды. Бұл Алматы облысына қарасты Іле ауданындағы Өтеген батыр кентіндегі (бұрынғы ГРЭС) перзентхана еді. Сол жылы бір қыздың аяғына грелка қойып, ұмытып кеткені соншалық, еті сүйегіне дейін ашылып қалған екен. Мен де сол жылы босандым, содан кейін толық қалпыма келе алмадым. Арада жеті жыл өткен соң, биыл қайта босандым. Қалаға квотамен барып, кесарь тілігін жасаттым. Шүкір, қиын болса да, "өз аяғыммен жүре аламын" деп қоямын", – дейді Жұлдыз Қуатқызы.

"Ауыр операциядан кейін де түсінудің орнына кінәлады"
Ал Дана есімді қолданушы былтыр босанғаннан кейін өзі де акушерлік агрессияға ұқсас дөрекі қарым-қатынасқа тап болғанын жазды.
Әйел кесарь тілігі арқылы босанған. Оның айтуынша, операциядан кейінгі екінші күні сәбидің жаялығын қалай ауыстыру керегін көрсетуді сұрағанда, неонатологтың жауабы ауыр тиген.
"Не, видео көрмедің бе? Курстарға бармадың ба?” деді. Мүмкін, ақымақ болып көрінген шығармын. Бірақ ауыр жүктілік пен кесарь тілігінен кейін есеңгіреп жүргендей болдым", – деп жазды ол.

Сондай-ақ әйел емізу жөніндегі маманның да оған қысым көрсеткенін айтады. Оның сөзінше, маман сүттің аздығына қарамастан, сәбиге қоспа беруіне қарсы болған.
"Консультант әр келген сайын менсінбей қарайтын. “Бұл уыз, неге балаға қоспа бересің?” деп қысым жасайтын", – дейді Дана.
“Болмайтын нәрсеге “обезболды” құртып”
Әлеуметтік желі қолданушысы Дина Жапарғалиева босанғаннан кейін медициналық қызметкерлердің салғырт және немқұрайлы қарым-қатынасына тап болғанын жазды. Оның айтуынша, босану кезіндегі жыртылыс наркозсыз тігілген, ал кейін қатты ауырсынғанына қарамастан, ауырсынуды басатын дәрі сұрағанда өтініші еленбеген.
"Геморрой шығып, қатты ауырып жаттым. “Аура басатын дәріні (обезболивающий укол) салып беріңіздерші” деп жылап, жалындым. “Болмайтын нәрсеге “обезболды” құртып” деді", – деп жазды әйел.
Оның сөзінше, тек бас дәрігерге жүгінгеннен кейін ғана медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы өзгерген.
"Бірден ауырсынуды басатын дәрімен, күлімсіреп келді. “Қазір салайын деп жатқан едім ғой” дейді. Сонда “айтпасам қарамайсыздар ма?” дедім", – дейді қолданушы.
Әйел сондай-ақ сәбиі дүниеге келгеннен кейін медициналық қызметкерлер баланы бірден алып кеткенін, алайда оның қайда жатқанын және жағдайының қандай екенін түсіндірмегенін айтады.
"Балам су жұтып қойды деп алып кетті. Қайда жатқанын да, не болғанын да айтпады. Содан кейін бас дәрігерге барып, шу шығардым", – деп жазды ол.
“Зәріңді бер!” деп бақырды”
Әлеуметтік желі қолданушысы Арай босану кезінде медициналық қызметкерлердің кесірінен өзі мен сәбиінің өміріне қауіп төнгенін айтты. Әйелдің сөзінше, қағанақ суы кетіп, қан кеткеніне қарамастан, оған бірден қажетті көмек көрсетілмеген. Медицина қызметкерлері толғақ жоқ екенін айтып, оны екі сағат бойы күтуге мәжбүрлеген.
"Су кетіп, қан кетіп барып тұрсам, “Сен бүгін тумайсың, толғағың жоқ” деп, екі сағат сандалтып, КТГ-ға түсірді. Өзім әрең жатсам да, “Зәріңді бер!” деп бақырып, КТГ-да жатқанымда одан сайын қан кетіп, плацента толық ажырап кетті. Бөпем екеуміз әрең тірі қалдық. Әйел акушерлер кәдімгідей абдырап қалды. Екі босануда да ер гинекологтардың арқасында аман қалдым деп айта аламын. Бүкіл хирургтер жиналғаннан кейін маған “Сен де, балаң да қайта туылдыңдар. Уақытында әрекет етпегенде, екеуің де өлетін едіңдер” деп айтып кетті”, – дейді Арай.

"Кінәлі деп танылды, бірақ жазаға тартылмады"
Қазақстанда босану кезінде медициналық көмектің тиісінше көрсетілмеуі адам тағдырын түбегейлі өзгерткен, қоғамда үлкен резонанс тудырған жағдайлар аз емес. Соның бірі 30 жастағы Әйгерімнің (аты өзгертілген) оқиғасы. 2019 жылы Ақмола облыстық перинаталдық орталықта босанған әйел медициналық көмектің дер кезінде әрі тиісінше көрсетілмеуі салдарынан, өлім мен өмірдің арасында қалды. Кейін оның жағдайы күрт нашарлап, сепсис, перитонит болып, ес-түссіз жатқан. Әйелде бірнеше ағзаның жеткіліксіздігі сияқты ауыр асқынуларға ұласты. Әйгерім ондаған операцияны бастан өткерді. Дәрігерлер оның өмірін сақтау үшін жатырын, аналық бездерін алып тастауға, сондай-ақ аяқ-қолының бір бөлігіне ампутация жасады. Соңында Әйгерім бірінші топтағы мүгедек атанды.
Іс бойынша екі акушер-гинеколог кәсіби міндетін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылғанымен, қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өтіп кетіп, жазаға тартылмады. Сот Әйгерімнің пайдасына ауруханадан 3,9 миллион теңге материалдық шығын және 15 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Тергеудің созбалаңға түсуіне байланысты прокуратура мен полиция органдарының атына жеке қаулы шығарылды.
Осы істің басынан бері жәбірленуші тараптың мүддесін қорғаған отбасылық адвокат Вероника Ким де босану кезіндегі әйелдердің құқықтары мен "акушерлік агрессия" мәселесіне кеңірек тоқталды. Алайда адвокат қазіргі материалға пікір бергенде өз қорғауындағы адамның аты-жөнін атамауды өтінді.
Вероника Кимнің айтуынша, "акушерлік агрессия" заңда нақты бекітілген құқықтық термин емес. Бұл ұғым босану кезіндегі негізсіз немесе шамадан тыс медициналық әрекетті ғана емес, қажет медициналық көмектің уақытында көрсетілмеуін де қамтуы мүмкін.
"Мәселе тек артық әрекетте емес. Кейде одан да қауіпті жағдай қажетті шешімнің уақытында қабылданбауы, симптомдардың еленбеуі немесе медициналық көмектің кеш көрсетілуі. Мұндай жағдайда бір ғана кешіккен шешімнің құны әйел мен баланың денсаулығы, кейде өмірі болуы мүмкін", – дейді адвокат.

Заңгердің сөзінше, босанып жатқан әйел дәрігерлер қабылдап жатқан шешімдердің дұрыстығын сол сәтте өздігінен бағалай алмайды.
"Әйел босану кезінде ауырсыну мен күйзеліс жағдайында болады. Оның медициналық білімі жоқ, сондықтан қандай да бір әрекеттің не үшін жасалып жатқанын, босану тактикасының не себепті өзгергенін немесе дәрігерлердің асқынуларға дер кезінде әрекет етіп жатқанын тексере алмайды. Сол сәтте әйел мен баланың денсаулығы медициналық қызметкерлердің кәсіби шешімдеріне тікелей тәуелді", – дейді Вероника Ким.
Заңгер медициналық қызметкерлердің қатесін немесе кәсіби міндетін тиісінше орындамағанын заң жүзінде дәлелдеу Қазақстандағы ең күрделі істердің бірі екенін айтады.
"Науқас пен медициналық ұйым бастапқыдан тең жағдайда емес. Барлық негізгі құжаттар, ауру тарихы, босану картасы, КТГ жазбалары, тексеру нәтижелері, дәрігер тағайындаулары мен жасалған манипуляциялардың уақыты медициналық жүйенің ішінде жүзеге асырылады. Ал ең маңызды сұраққа, яғни медициналық көмекте кемшілік болды ма және оның ауыр салдармен байланысы бар ма деген мәселеге тек сарапшылар жауап бере алады", – дейді ол.
Оның айтуынша, медициналық қылмыстық істерде бірнеше сот-медициналық сараптама тағайындалуы мүмкін, ал олардың қорытындылары кейде бір-біріне қайшы келеді.
"Дәрігерді негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Бірақ медициналық көмектегі нақты кемшілік ауыр зардапқа әкеліп, оған құқықтық баға берілмей қалуы да әділетсіз. Сондықтан мұндай істерде сот-медициналық сараптаманың тәуелсіздігі мен сапасы ерекше маңызды", – деп түйіндеді Вероника Ким.
“Бұтыңды ашуды білесің, ал босануды үйренбепсің”
Қазақстандағы кәсіби доулалар қауымдастығының негізін қалаушы Олеся Тишкова акушерлік агрессияның не екенін түсіндіріп қана қоймай, өзіне хабарласып, босану кезінде дәрігерлердің дөрекілігі мен қысымына тап болған әйелдердің оқиғаларын да бөлісті. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар мемлекеттік перзентханаларда ғана емес, ақылы бөлімдер мен жекеменшік клиникаларда да кездеседі.
Айта кетейік, доула – әйелге жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі кезеңде психологиялық әрі ақпараттық қолдау көрсететін маман.
Доула Олеся Тишкованың айтуынша, акушерлік агрессия тек физикалық күш қолданумен өлшенбейді. Босанушы әйелді қорлау, айқайлау, қорқыту, пікірін елемеу, сұрақтарына жауап бермеу және медициналық манипуляцияларды түсіндірместен жасау да осы ұғымға кіруі мүмкін.
"Акушерлік агрессия, ең әуелі, босану кезіндегі әйелге көрсетілетін құрметсіз қарым-қатынас. Әйел физикалық қана емес, психологиялық қысымға да ұшырауы мүмкін. Оны қорқытуы, пікірін елемеуі, дөрекі сөйлеуі, қорлауы немесе келемеждеуі мүмкін. Кейде әйелдерге “айғайлама”, “өзің кінәлісің”, “шыда”, “сен ғана туып жатқан жоқсың” деген сияқты сөздер айтылады. Мұндай қарым-қатынас әйелдің босану кезіндегі онсыз да осал күйін одан сайын қиындатады", – дейді доула.

Доулаға әлеуметтік желі арқылы өз басынан өткен жағдайларды айтып жазатын әйелдер аз емес. Олардың сөзінше, кей жағдайда дәрігерлер медициналық жағдайды түсіндірудің орнына қорқытып, қандай процедура жасалатынын алдын ала айтпайды.
"Кейде әйелді белгілі бір салдарымен қорқытады, бірақ оның нақты медициналық жағдайын түсіндірмейді. Процедура жасалады, алайда әйелге оның не үшін қажет екені айтылмайды. Әйел кем дегенде өзіне не жасалып жатқанын түсінуі және ақпарат алуы керек. Кейде белгілі бір медициналық араласуға келісуі үшін оған қысым көрсетіледі. Әйелдің сұрақтары мен өтініштерін елемеу де акушерлік агрессияның бір белгісі болуы мүмкін", - дейді Олеся Тишкова.
Доула өзіне босанған әйелдерден келетін хаттарда медициналық қызметкерлердің кемсітуі мен дөрекі қарым-қатынасы туралы оқиғалар жиі кездесетінін айтады. Кейбір әйелдер босану кезінде қорқып, өз құқықтарын қорғауға да шамасы келмегенін жеткізген.
"Маған әйелдер өте ауыр сөздер айтылған жағдайлар туралы жазады. Мысалы, “бұтыңды ашуды білесің, ал босануды үйренбепсің” деген сияқты кемсітетін сөздер айтылған. Жақында ғана бір әйел босану кезінде акушерлердің бірі оған ренжіп, “сенің босануыңды қабылдамаймын” деп бұрылып кетіп қалғанын айтып берді. Әйел ол кезде не болып жатқанын толық түсінбей, қатты қорыққан. Кейін басқа ауысымдағы дәрігер келіп, босандырып алған", – дейді доула.
Доула Олеся Тишкова амниотомияның, яғни қағанақ қабын тесудің өзі автоматты түрде акушерлік зорлық болып саналмайтынын айтады. Алайда мұндай процедура әйелге түсіндірілмей, келісімінсіз жасалса, оның құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін. Жекелеген жағдайларда қосымша медициналық араласуды қажет ететін асқынулар туындауы мүмкін. Сондықтан мұндай процедура тек нақты медициналық көрсетілім болған жағдайда және әйелдің ақпараттандырылған келісімімен жасалуға тиіс.
Доуланың сөзінше, босану кезінде әйелге айғайлау мен қысым көрсету тек психологиялық жарақат қалдырып қоймай, босану процесінің өзіне де әсер етуі мүмкін. Қорқыныштан әйелдің толғағы әлсіреп, кейін қосымша медициналық араласу қажет болуы ықтимал.
"Әйел қорқып, қысымға ұшыраған кезде сыртқа шығармай, ішінде бүгіп қалады. Кей жағдайда толғақтар сиреп, әлсіреп, босану процесі баяулайды. Бұған дейін әр екі минут сайын болған толғақтар бес-жеті минутқа дейін созылып кетуі мүмкін. Соның салдарынан жатыр мойнының ашылуы баяулап, кейін толғақты күшейту үшін окситоцин сияқты препараттарды қолдануға тура келеді. Сондықтан әйелдің босану кезіндегі эмоционалдық жағдайын елемеуге болмайды", – дейді доула Олеся Тишкова.

Олеся Тишкованың айтуынша, кейбір әйелдер босану кезінде дәрігерлердің қысымынан бөлек, баланы күшпен "итеріп шығару" туралы да айтып жатады. Мұндай әрекеттер ана мен бала үшін қауіпті болуы мүмкін екенін доула ескертеді.
"Әйелдерден “маған ішімнен басып, баланы шығарып алуға тырысты” деген хабарламалар да келеді. Кейбірі босану кезінде өздеріне айқайлағанын, тыңдамайсың деп ұрысқанын айтып жатады. Мұндай жағдайда әйел онсыз да қорқып, не болып жатқанын толық түсінбеуі мүмкін. Балаға да жарақат келтіру қаупі бар. Сондықтан босану кезіндегі кез келген әрекет медициналық тұрғыдан негізделіп, әйелге не үшін жасалып жатқаны түсіндірілуі керек", – дейді Олеся Тишкова.
Ал кесарь тілігінен кейін әйел медициналық қызметкерлердің көмегіне толық тәуелді болып қалатын сәттер де болады. Доуланың айтуынша, мұндай жағдайда әйелдің қарапайым өтініштерін елемеу – су бермеу немесе шақырғанда ұзақ келмеу сияқты әрекеттер де жиі айтылатын шағымдардың бірі.
"Мұндай жағдайда әйел жалғыз қалмауы керек, өйткені операциядан кейін ол өздігінен көптеген әрекетті жасай алмайды. Егер қасында серіктесі болмаса, оған қажетті көмекті орта буындағы медицина қызметкерлері көрсетуі тиіс. Әйел мұндай қарым-қатынасқа тап болса, бұл туралы шағымдануға және мәселені көтеруге құқылы", – дейді Олеся Тишкова.
Оның айтуынша, мұндай жағдайға тап болған әйелдер үнсіз қалмауы керек. Олар шағым жазып, денсаулық сақтау министрлігінің тиісті органдарына жүгінуі қажет. Мәселен, e-Otinish немесе iKomek платформалары арқылы арыз қалдыруға болады. Әйелдер мұндай мәселелерді көтерген сайын, тиісті органдар да оған назар аударып, шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы босану кезінде әйелдердің физикалық күш көрсетуге, балағаттау мен қорлауға, кемсітуге, медициналық процедуралардың келісімінсіз жасалуына, мәжбүрлі әрекеттерге немесе керісінше, қажетті көмектің көрсетілмеуіне тап болатынын ресми түрде мойындайды. Мұндай жағдайлар көбіне "акушерлік агрессия" ұғымымен сипатталады.
2019 жылы ДДҰ жетекшілігімен жүргізілген зерттеуде табысы ортадан төмен төрт елдегі босанған әйелдердің 42%-ы медициналық мекемеде босану кезінде қандай да бір негізсіз қарым-қатынасқа ұшырағаны анықталған. Гана, Гвинея, Мьянма және Нигерияда жүргізілген зерттеу босану кезіндегі әйелдерге көрсетілетін қатыгез қарым-қатынас көрсетілген. Кейбір әйелдерге олардың келісімінсіз кесарь тілігі жасалып, эпизиотомия (босану кезінде баланың шығуын жеңілдету үшін әйелдің аралық тінін (қынап пен анус арасындағы аймақты) хирургиялық жолмен кесу) жүргізілген. Гинекологиялық тексерулердің де жартысынан көбі әйелдің рұқсатынсыз өткен.
Мәселе тек медициналық әрекеттермен шектелмеген. Әйелдердің 38%-ы босану кезінде айғайға, балағат сөзге, кемсіту мен мазаққа ұшыраған. Кейбірі ұлты мен нәсіліне байланысты кемсітушілік көрген. Осыған байланысты ДДҰ босану кезіндегі мұндай қарым-қатынас әйелдің адамдық қадір-қасиеті мен жеке басының қол сұғылмаушылық құқығын бұзатынын атап өтеді. Ұйымның ұстанымы бойынша, әрбір әйел босану кезінде құрметке, қауіпсіздікке, толық ақпарат алуға, саналы түрде таңдау жасауға және үздіксіз қолдауға құқылы.