Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кеудемді үлкейтемін деп, шашым түсіп қалды": Қазақстандық әйел маммопластикадан кейін хирургті сотқа беріп, жеңе алмады

Вера
Фото: Вера Теннің жеке мұрағатынан

Қарағандылық Вера Тен осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желідегі пікірлер мен хирургтің тәжірибесіне сеніп, елорда клиникаларының бірінде маммопластика жасатады. Отадан кейін екі кеудесінің пішіні әртүрлі болып қалғанын байқап, дәрігерге қайта жүгінеді. Оның сөзінше, хирург Жақсылық Джиешев оны УДЗ-ге де, маммологқа да жіберместен, мәселені түзету үшін бірнеше рет ота жасаған. Алғашқы операцияны қоса есептегенде дәрігер Вераны бес рет пышақ астына алған. Кейін өз бетінше тексерілгенде оған II дәрежелі капсулалық контрактура диагнозы қойылып, соңғы операциядан соң  шашы түсе бастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәселені түзетемін деген хирург тағы бірнеше рет ота жасаған

Вераның айтуынша, алғашқы операциядан кейін кеуде пішініндегі өзгеріс уақыт өте түзелмеген. Ол хирургке бірнеше рет фотосурет жіберіп,  өзгерістерді көрсеткен. Бастапқыда дәрігер асықпай күте тұруды ұсынғанымен, кейін мәселені хирургиялық жолмен түзетуге кіріскен.
Пациенттің сөзінше, алғашқы коррекциялардың бірінде хирург кеуде ұшының айналасындағы ареола аймағын кесіп, қайта тіккен. 

"Әр жолы осы жолы бәрі түзеледі деп сендім. Дәрігер де мәселені коррекция арқылы шешуге тырысты. Ареоланы кесіп, қайта тікті, кеудені тартты, кейін тағы операциялар болды. Алғашқы маммопластиканы қоса есептегенде, бес рет пышақ астына түстім. Қайталама коррекциялар үшін менен қосымша ақша алған жоқ", – дейді Вера.

Операциялар бір ғана медициналық ұйымда жасалмаған. Вераның айтуынша, хирург жұмыс орнын ауыстырған сайын, кейбір қайталама араласулар да әртүрлі клиникаларда жүргізілген.

Ең маңыздысы – Вераның сөзінше, осыншама операция жасалғанына қарамастан, хирург оны осы аралықта кеуде УДЗ-сіне де, маммологтың консультациясына да жібермеген. Жағдайы жақсармаған соң ол өзі басқа мамандарға қаралып, тексеруден өткен.

 

Сол кезде оған II дәрежелі капсулалық контрактура, яғни кеуде имплантының айналасында пайда болған тін қабықшасының тығыздалып, жиырылуы диагнозы қойылған. Вераның айтуынша, бұл диагноз анықталғанға дейін оған бірнеше түзету операциясы жасалып қойған.

"Соңында импланттарды ауыстыруды өзім талап еттім. Дәрігер оларды ауыстырды, бірақ одан кейін де кеудемнің пішіні толық қалпына келмеді. Кеудедегі өзгеріс мені әлі де мазалай берді. Бірнеше операциядан кейін де күткен нәтижеге жете алмадым", – дейді Вера.

"Операцияның клиникадан жасырын жасалғанын кейін білдім"

Вераның айтуынша, кейін ол қайталама операциялардың бірнешеуі клиника басшылығының келісімінсіз жасалғанын білген. Сол кезде хирург аталған медициналық ұйымда бас дәрігер қызметін атқарған.

"Мен ол кезде бәрі клиниканың ресми тәртібімен жасалып жатыр деп ойладым. Кейін 7 тамыз бен 26 қыркүйекте жасалған коррекциялар туралы клиника әкімшілігінің хабарсыз болғанын білдім. Маған бұл қызметтер клиниканың келісімінсіз жасалғаны айтылды. Операциялар туралы мәліметтер медициналық және бухгалтерлік есепке де енгізілмеген екен. Дәрігер сол кезде клиниканың бас дәрігері болғандықтан, мен одан күмәнданған жоқпын. Кейін оның және қасында жұмыс істеген кейбір медицина қызметкерлерінің клиникадан кеткенін білдім. Маған жасалған осы операциялар еңбек қатынасын тоқтатуға себеп болған екен. Пациент ретінде мұның бәрін операция жасалып жатқан кезде білмеген едім", – дейді Вера.

Онымен қоса Вера қайталама операциялардың бірінде жалпы анестезия қолданылғанын айтады. Оның мәлімдеуінше, сол кезде операция бөлмесінде анестезиолог-реаниматолог болмаған.

"Операция алдында анестезиолог келіп, мені жеке тексергені де есімде жоқ. Ол кезде мұның қаншалықты маңызды екенін түсінбедім, дәрігерге сендім.   Қазір сол сәтті ойласам, жалпы анестезиямен операция қалай және кімнің жауапкершілігімен жасалғаны мен үшін үлкен сұрақ болып отыр", – дейді Вера.

Вера
Фото: Вера Теннің жеке мұрағатынан

Соңғы операциядан кейін шамамен бір ай өткеннен кейін Верада ошақты алопеция пайда болған. Яғни шашы белгілі бір аумақтарда ойылып түсе бастаған.  Ол мұны бір жыл бойы жалғасқан күйзеліс пен бес рет жасалған жалпы анестезиядан көреді.

"Мен жаспын, сырт келбетіме мән беретін қызбын. Шашымның осылай түсіп қалуы мен үшін үлкен соққы болды. Бір жыл бойы операциядан операцияға өтіп, бес рет жалпы анестезия алдым, соның бәрі ағзама әсер етті деп ойлаймын. Қазір денсаулығымды қалпына келтіруге қыруар ақша жұмсап жүрмін. Төрт айдан кейін шашым біртіндеп өсе бастады. Бірақ бұл мен бастан өткерген жағдайды өзгерте алмайды", – дейді Вера.

Вера хирургке қарсы сотта жеңіліп қалған

Кеудесін басқа хирургке қайта қалпына келтіру үшін шамамен 4 миллион теңге қажет болғанын білген соң Вера сотқа жүгінген. Ол бастапқы операцияға ақша төлеп қойғандықтан, мәселені түзету шығынын қайтадан өзі көтеруге тиіс емес деп есептегенін айтады.

"Менде кеудемді қалпына келтіруге қажет 4 миллион теңге болған жоқ. Оның үстіне бұл ақшаны неге қайтадан мен төлеуім керек? Мен бастапқы операция үшін ақша төлеп, бәрі дұрыс жасалады деп сендім. Маған қойылған диагнозды хирургтің өзі дер кезінде айтпағанын, мәселені қайта-қайта операция арқылы түзетуге тырысқанын түсінгенде, сотқа жүгінуге шешім қабылдадым", – дейді Вера.

Алайда оның талабы қанағаттандырылмаған. Вераның айтуынша, сот талапты хирургтің өзіне емес, операция жасалған медициналық ұйымға қою қажет деп көрсеткен.  

"Маған талапты хирургке емес, клиникаға қою керек деді. Бірақ ол мені бір емес, үш түрлі клиникада операция жасады. Сонда мен нақты қай клиникаға талап қоюым керек еді? Ең ауыр тигені – өзім денсаулығымды қалпына келтірудің жолын іздеп жүргенде, соңында оның адвокаттарының шығынын да өтеуге міндеттелгенім", – дейді ол.

Осы тәжірибеден кейін Вера өз оқиғасын ашық айтуға шешім қабылдағанын жеткізді. Оның сөзінше, мақсаты – хирургпен дауласу емес, пластикалық ота жасатуды жоспарлап жүрген әйелдер дәрігер мен клиниканы таңдағанда барынша мұқият болса екен дейді.

"Менің басымнан өткен жағдай басқа қыздардың басына түспесе екен деймін. Дәрігер бір клиникадан кетіп, екіншісіне ауысып, жұмысын жалғастыра беруі мүмкін. Ал жаңа пациент оның бұрын қандай жағдайларға тап болғанын білмеуі ықтимал. Сондықтан мен бұл туралы үндемей қалғым келмеді. Қыздар дәрігерді таңдағанда тек жарнамаға немесе тәжірибесіне емес, бұрынғы жұмысына да мұқият қараса екен деймін", – дейді Вера.

Хирург не дейді?

Пластикалық хирург Жақсылық Джиешев жағдайға қатысты пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол Вера Теннің жазбаларына байланысты әрекетсіз отырмағанын айтып, бұған дейінгі сот пен тексеру нәтижелеріне тоқталды.

"Соңғы уақытта пациент Тен В.В.-ның менің атыма қатысты жағымсыз сипаттағы жарияланымдарына байланысты мынаны айта аламын: бұл жағдайға қатысты әрекетсіз отырған жоқпын. Өздеріңіз білетіндей, Тен В.В. бұған дейін сотқа талап арыз берген. Сот талқылауы барысында менің кінәм анықталған жоқ. Сондай-ақ ол Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне менің үстімнен шағым түсірген. Осыған байланысты тиісті тексеру жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша, тәуелсіз сарапшылар шағымды негізсіз деп таныды", – деп жазды Жақсылық Джиешев.

Хирург

 

Хирург жағдайға қатысты процестер әлі жалғасып жатқанын да мәлімдеді.

"Осы процестер аяқталғаннан кейін мен өз тарапымнан толық ақпарат беремін. Сабыр сақтауларыңызды сұраймын, мұндай процестер жылдам жүрмейді. Назар аударып, қолдау білдіргендеріңізге рақмет", – деді ол.

Хирург басқа клиникада жұмысын жалғастыра ала ма - ДСМ жауабы

Stan.kz редакциясы Вера Теннің жағдайы мен пластикалық хирург Жақсылық Джиешевтің қызметіне қатысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады. Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті бұған дейін хирургтің жұмысы мен Вераға көрсетілген медициналық көмекке қатысты өтініштер түскенін растады. 

Вераның өтінішінен кейін екі клиникаға қатысты тексеру басталған. Бірінші клиника көрсетілген мекенжайдан табылмағандықтан, ондағы медициналық көмектің сапасын тексеру мүмкін болмаған. Ал екінші клиникаға жүргізілген тексеруде заң бұзушылық анықталмаған. Дегенмен тексеруге қатысқан тәуелсіз пластикалық хирург қолда бар материалдар бойынша Вераға жасалған операцияларға нақты баға беру мүмкін емес деген қорытынды келген. 

Редакция дәрігерге қатысты шағымдар болса немесе оның бұрынғы жұмыс орнында медициналық қызмет көрсету тәртібін бұзғаны анықталса, басқа клиникаға ауысып, жұмысын жалғастыра ала ма деп те сұрады.

"Медицина қызметкерінің басқа медициналық ұйымға жұмысқа орналасуы оның клиникалық практикамен айналысу құқығын өздігінен жоймайды. Жұмыс істеу үшін оның тиісті маман сертификаты болуы керек. Сондай-ақ медициналық ұйымның лицензиясы мен лицензияға қосымшасындағы талаптар сақталуы тиіс. Жекелеген пациенттердің шағымы дәрігерге медициналық қызмет көрсетуге автоматты түрде тыйым салмайды. Оның құқықтық салдары шағымды қарау және бақылау нәтижесіне қарай анықталады. Егер дәрігерге клиникалық практикамен айналысуға ресми түрде тыйым салынса немесе шектеу қойылса, бұл оның әрі қарай жұмыс істеуіне әсер етеді", – деп түсіндірді департамент. 

Яғни Вераның шағымдары мен бұған дейінгі тексерулер хирургтің жұмысын өздігінен тоқтатпайды. Егер дәрігерге ресми тыйым салынбаса, маман сертификаты жарамды болса және жаңа клиниканың лицензиясы талапқа сай келсе, ол басқа медициналық ұйымға ауысып, жұмысын жалғастыра алады.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 15:44