Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Almaty Marathon қала экономикасына 15 миллиард теңге табыс әкелді

Алматы марафон ақша
Фото: worldsmarathons.com

15-рет өткізілген Almaty Marathon бұқаралық спорты Алматы экономикасына 15,6 миллиард теңге көлемінде табыс әкелді. Оның шамамен 3 миллиард теңгесі тікелей салық түсімдеріне тиесілі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Times.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жексенбі күні 27 қыркүйекте Алматы қаласында Almaty Marathon 15-рет өтті. Жарысқа 66 елден 16 мың адам қатысты. Спорттық шарада оның қорытындысы қатысушылар мен жанкүйерлер үшін маңызды. Ал марафонның өзі шаһардың экономикасына оң әсер етті. 

"Бірінші болу батылдық" корпоративтік қоры жүргізген зерттеу нәтижесінде 2026 жылғы жүгіру жарыстарының Алматы экономикасына қосқан жалпы үлесі – 15,6 миллиард теңге.

Марафонға қатысқан 16 мың адамның 1534-і шетелден, тағы 2238-і Қазақстанның басқа өңірлерінен келген. Шетелдік қатысушылардың ішінде ең көбі Ресейден, 550 жүгіруші келген.

  • Қырғызстаннан – 171;
  • Өзбекстаннан – 151;
  • Қытайдан – 133; 
  • АҚШ пен Оңтүстік Кореядан – 51 адамнан келген.

Марафонға қатысушылардың 21%-ы ғана сырттан келген, десе де жалпы шығынның 73%-ы шетеліктерге тиесілі. 

Мұның себебі қарапайым: марафонға қатысушы жалғыз келмейді. Орта есеппен бір қонақпен бірге тағы 1-2 адам келеді. Олар – туыстары, достары немесе жаттықтырушылары. Олардың барлығы қонақүйде немесе басқа жерге орналасады, тамақтанады, қала ішінде жүреді, дүкендерге барады және көрікті жерлерді аралайды.

Нәтижесінде бір шетелдік қатысушы мен оның қолдау тобының Алматы экономикасына әкелген табысы 1,82 миллион теңгеге жеткен. Бұл жергілікті жүгірушінің шығынынан 16 есе көп.

Жалпы сырттан келген қатысушылар мен оларды ертіп келген адамдар қала экономикасына шамамен 5,3 миллиард теңге қосқан.

Ең көп қаржы яғни, 3,7 миллиард теңге қонақүйлерге, хостелдерге және пәтерлерге түскен.

  • Бөлшек сауда мен кәдесыйларға – 1,2 миллиард;
  • Қалалық көлік пен таксиге – 1 миллиард;
  • Ойын-сауық пен экскурсияларға – 900 миллион;
  • Мейрамханалар мен басқа да қоғамдық тамақтану орындарына – 800 миллион теңге жұмсалған.

Марафоннан түскен қаржы тек жарыс өтетін аумақта ғана емес, қаланың басқа да салаларына таралады. Зерттеу мәліметінше, жалпы экономикалық әсердің төрттен біріне жуығы жүгіруге тікелей қатысы жоқ салаларға тиесілі. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, қаржы секторы және құрылыс бар.

Шетелдік қатысушылардың 64%-ы үшін марафон Қазақстанға келудегі басты себеп болды. Тағы 16%-ы елге келуге себеп болған маңызды факторлардың бірі деп атады. Шетелдік қонақтардың жартысына жуығы Алматыда алты күн және одан да көп уақыт болған. Ал сауалнамаға қатысқандардың 87%-ы қалаға қайта келгісі келетінін айтқан.

"Almaty Marathon әлдеқашан бір күндік шарадан әлдеқайда үлкен жобаға айналды. Қатысушылармен бірге қалаға олардың отбасы мүшелері мен достары да келеді. Олар бірнеше күн қалып, қонақүйлер мен көлікті пайдаланады, мейрамханаларға, дүкендерге және көрікті жерлерге барады. Шетелдік жүгірушілердің басым бөлігінің Алматыға қайта келуге ынта білдіруі де маңызды. Осылайша марафон Алматыны жаңа аудиторияға таныстырып, қала экономикасына қолдау көрсетеді", – деді "Бірінші болу батылдық" корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Шара ұйымдастырушылары 2018 жылдан бері алғаш рет жарыс бағытын толық өзгертті. Қатысушылар әдеттегідей 42,2 шақырымды бір үлкен айналыммен жүгіріп өтті. Олар Абай алаңынан бастап, қаланың белгілі аудандары арқылы өтіп, Республика алаңында мәреге жетті.

Марафонға қатысқан танымал спортшылардың бірі – 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы жапониялық Юки Каваучи. Алматыда өткен марафон оның Орталық Азиядағы алғашқы жарысы болды.

 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 15:07