Қазақстанда ауқатты отбасыларға 14 түрлі жәрдемақы төлеу тәртібі қайта қаралады

Қазақстанда 39 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрі енді азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мән-жайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
“Өзгерістер Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқат деңгейі “А” және “В” санатына, яғни әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға жатқызылған жәрдемақы алушыларға ғана қатысты”, – деп хабарлады министрлік.
Жаңа тәртіп бойынша мұқтаждық деңгейі ескерілетін төлемдердің қатарына:
- бала тууға байланысты жәрдемақы;
- көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
- мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен басқа да азаматтарға берілетін төлемдер;
- мүгедектік бойынша жәрдемақы;
- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы;
- жерлеуге берілетін төлем;
- соғыс ардагерлеріне, қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына және мемлекеттік атақтарға ие азаматтарға берілетін кейбір арнайы мемлекеттік жәрдемақылар бар.
Министрлік жаңа тәртіп барлық төлемге бірдей қолданылмайтынын айтты. Әр жәрдемақы жеке қарастырылады.
“Жаңа тәртіп төлемнің нақты түріне қарай қолданылады. Алайда бұл барлық жәрдемақыны алу құқығы автоматты түрде сақталады дегенді білдірмейді. Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам мүгедектік бойынша жәрдемақы алып жүрсе, бұл төлем сақталады. Ал егер кейін оның басқа төлем алуға, мысалы, бала тууына байланысты жәрдемақы алуға құқығы пайда болса, ол төлем мұқтаждық деңгейі ескеріліп тағайындалады”, – деп түсіндірді министрлік.
Ведомство мәліметінше, әр төлем жеке қарастырылып, әлеуметтік қолдау нақты көмекке мұқтаж азаматтарға бағытталмақ.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгеретіні туралы жазған едік.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты
Желі қолданушысы: "Ғимараттардың сыртқы келбетін бұзатын кондиционерлер орнатуға, балкондарды әйнектеуге жол бермеу керек еді"
Абай облысында 180 миллиард теңге жұмсалған жол үгітіліп жатыр
Орталық: "Нысандарды пайдалануға беру және учаскелер бойынша қорытынды есептерді дайындау алдында барлық анықталған кемшілік толық жойылған"
