2027 жылы кей әлеуметтік төлемдер ескі мөлшермен есептелмек
2027 жылы айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі өседі деп жоспарланғанымен, барлық әлеуметтік төлем автоматты түрде көбеймеуі мүмкін. Қаржы министрлігінің бюджет жобасында бірқатар төлемді бұрынғы көрсеткіш бойынша есептеу ұсынылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Келер жылдан бастап айлық есептік көрсеткішті 8,5%, яғни шамамен 370 теңгеге көтеру жоспарланып отыр. Әдетте АЕК-ке байланыстырылған жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де соған сәйкес өседі. Алайда республикалық бюджет жобасында бірнеше санатқа ерекше тәртіп қарастырылған. Соның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, бала күтіміне байланысты төлемдер, “Халық қаһарманы” атағына ие азаматтарға төленетін қаражат және жерлеуге берілетін біржолғы төлем бар. Яғни АЕК көлемі ұлғайғанымен, аталған төлемдердің кейбірі жаңа мөлшерге сай қайта есептелмеуі ықтимал.
Бұдан бөлек, ең төменгі күнкөріс деңгейін шамамен 5 мың теңгеге көтеру ұсынылған. Дегенмен бюджет жобасында оған байланыстырылған жекелеген әлеуметтік төлемдерді де бұрынғы есептік көрсеткіш бойынша қалдыру мәселесі қарастырылған. Құжат әзірге жоба күйінде. Сондықтан әлеуметтік төлемдердің нақты көлемі республикалық бюджет түпкілікті бекітілгеннен кейін белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері белгілі болғаны хабарланған еді. Қаржы министрлігі жариялаған 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында АЕК-ті қазіргі 4 325 теңгеден 4 693 теңгеге дейін көтеру ұсынылған.
Бала тууға берілетін жәрдемақы
Жаңа АЕК бекітілсе:
- алғашқы үш балаға – 178 334 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға 295 659 теңге төленуі мүмкін.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы
Бала 1,5 жасқа толғанға дейін берілетін ай сайынғы жәрдемақы:
- бірінші балаға – 27 032 теңге;
- екінші балаға – 31 953 теңге;
- үшінші балаға – 36 840 теңге;
- төртінші және одан кейінгі балаларға 41 768 теңге болуы мүмкін.
Атыраудағы лотос алқабы: Мамандар жергілікті емес өсімдіктердің экожүйені жойып жіберуі мүмкін екенін айтты
