Тоқаев Елена Рыбакинаны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен "әлемнің бірінші ракеткасы" мәртебесіне ие болуымен құттықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
“Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін”, – деді президент.

Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталды.
“Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елена Рыбакина президентке өзін ұдайы қолдап, Қазақстанда үлкен теннистің дамуына айрықша қамқорлық көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеді. Теннисші алдағы уақытта да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті.
Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер арасындағы жекелей сындағы бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанды. US Open турнирінің финалдық кездесуінде қазақстандық теннисші Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті. Кездесу Рыбакинаның жеңісімен аяқталды — 6:4, 5:7, 6:2.
Теннисшілер кортта 2 сағат 23 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Елена 12 эйс жасап, бес қос қателікке жол берді және 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Осылайша Рыбакина мансабында алғаш рет US Open чемпионы атанды.
Нью-Йорктегі бұл титул Елена үшін жекелей сында "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі үшінші чемпиондық атақ болды. Қазақстандық теннисші осы санаттағы алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алды. 2026 жылдың басында Рыбакина Australian Open чемпионы атанса, енді өз жүлделер топтамасын АҚШ ашық чемпионатының титулымен толықтырды.
"Алты қыздың ішіндегі жалғыз бала": Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы мұғаліммен даудан кейін өлі табылды

