Бағдат Мусин inDrive негізін қалаушы Томскийге жылқы сыйлады
inDrive негізін қалаушы Арсен Томский “Қазақтелеком” басшысы Бағдат Мусиннің тойда берген ерекше сыйлығын көрсетті. Ол кәсіпкерге ақшаның орнына Барбарис есімді жеті жастағы таза қанды жылқы сыйлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Томский жаңа “көлігімен” түскен суретін Threads желісінде жариялады.

“Әдетте үйлену тойына конверт береді. Ал Қазақстанда жылқы сыйлайды! Танысыңыздар – Барбарис, жеті жастағы таза қанды сәйгүлік. Бағдат Мусиннен келген той сыйлығы. Рақмет, Бағдат”, – деп жазды кәсіпкер.
Томскийдің айтуынша, көп жылдан бері оның жеке көлігі жоқ. Ол әдетте inDrive қызметін немесе жалға алынған көліктерді пайдаланады.
“Енді жеке көлігім бар. Тарифі – сәбіз бен алма”, – деп әзілдеді inDrive негізін қалаушы.
Арсен Томский 15 тамызда қазақстандық Камила Лұқпановаға үйленді. Үйлену тойы Ыстамбұлда Босфор жағасында өткен.
Ерекше сыйлыққа желідегі қолданушылар да пікір білдірді.
“Қандай дәмді жылқы”, “Алғыс айтпаңыз, Арсен. Бұл сыйлыққа әр қазақстандықтың қатысы бар. Бізден сұрамады, бірақ бәріміз ақша қостық”, – деп әзілдеген.
Айта кетейік, Арсен Томский 2023 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Сол кезде цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол inDrive негізін қалаушы Томскийді бизнесі мен командасының бір бөлігін Қазақстанға көшірген кәсіпкерлердің бірі деп атады.
Қазір Бағдат Мусин “Қазақтелеком” АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарады. Оған қоса ол Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кірді.
Арсен Томский кім?
Арсен Томский – халықаралық inDrive көлік және қалалық қызметтер платформасының негізін қалаушы әрі бас директоры. Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылғы рейтингінде ол Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері арасында 12-орында тұр. Оның дәулеті 865 миллион долларға бағаланған.
Томский Қазақстан азаматтығын алған. inDrive-тың ірі операциялық орталықтарының бірі Алматыда орналасқан, мұнда компанияның мыңға жуық қызметкері еңбек етеді.
Компанияның тарихы 2012 жылы Якутскіде басталған. Қақаған аяз кезінде жергілікті такси қызметтері бағаны күрт көтерген соң, тұрғындар әлеуметтік желіде бірігіп, жолақыны өзара келісіп белгілеуге мүмкіндік беретін қауымдастық құрған. Кейін осы бастама inDrive қосымшасына айналды.
Бүгінде компания 48 елдің мыңнан астам қаласында жұмыс істейді. inDrive тек көлік шақырумен шектелмей, жеткізу және өзге де қалалық қызметтерді ұсынады. Компания дерегінше, платформа арқылы жасалған мәмілелер саны 2026 жылы 8 миллиардқа жеткен.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді