Қазақ қызына үйленген inDrive негізін қалаушы Арсен Томский тойына 280 млн теңге жұмсаған – БАҚ
inDrive компаниясының негізін қалаушы, қазақстандық кәсіпкер Арсен Томский сүйіктісі, қазақ қызы Камила Лукпановаға үйленді. Қос ғашық өміріндегі маңызды күнді Ыстамбұлда атап өтіп, Босфор бұғазының жағасында дүркіретіп той жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түрік басылымдары тойға дайындық шамамен екі жарым айға созылғанын жазды. Салтанатты кешке жас жұбайлардың отбасы мүшелері, жақын достары мен іскерлік ортадағы таныстарынан құралған 250-ге жуық қонақ шақырылған. Қонақтар Ыстамбұлда екі күн бойы қонақ болып, олар үшін үш түрлі шара ұйымдастырылған.
Үйлену тойынан кейін арнайы кеш өтіп, қалыңдық пен күйеу жігіт бірнеше рет киім ауыстырған. Қонақтардың көңілін көтеру үшін шетелден диджейлер мен өнерпаздар арнайы шақыртылған.
Кештің басты қонақтарының бірі – танымал әнші Валерий Меладзе. Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, Камила Лукпанова әншінің өнер көрсетуі кезінде сахна маңынан кетпей, оның әндеріне қосылып, қонақтармен бірге көңіл көтерген. Тойға келгендер үшін Босфор бұғазында арнайы серуен де ұйымдастырылған.
Тойға қанша ақша жұмсалды?
Түрік басылымдарында тойдың құнына қатысты әртүрлі ақпарат тарады. Алғашқы материалдардың бірінде ұйымдастыруға шамамен 30 миллион түрік лирасы (280 миллион теңге) жұмсалғаны айтылса, кейінгі жарияланымдарда үш шараның өзіне 30 миллион лира, ал бүкіл тойдың жалпы шығыны 50 миллион лираға (468 миллион теңге) дейін жеткені жазылды. Сондықтан нақты соманы бір ғана көрсеткішпен беру қиын.
Жас жұбайлар Ыстамбұлды саяхаттағанды ерекше жақсы көретін қалаларының бірі екенін айтқан.
“Бұл күннің тек біз үшін емес, жанымыздағы адамдар үшін де мереке болғанын қаладық. Жақындарымыздың жұмыс пен күнделікті міндеттерді бір сәтке ұмытып, бас қосып, емін-еркін әңгімелескенін қалап едік. Ойлағанымыздың бәрі орындалды. Ең жақсы көретін қалаларымыздың бірі – Ыстанбұлда өміріміздегі ең ерекше күнді атап өттік”, – деген жұп.

Арсен Томский кім?
Арсен Томский – халықаралық inDrive көлік және қалалық қызметтер платформасының негізін қалаушы әрі бас директоры. Forbes Kazakhstan-ның 2026 жылғы рейтингінде ол Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері арасында 12-орында тұр. Оның дәулеті 865 миллион долларға бағаланған.
Томский Қазақстан азаматтығын алған. inDrive-тың ірі операциялық орталықтарының бірі Алматыда орналасқан, мұнда компанияның мыңға жуық қызметкері еңбек етеді.
Компанияның тарихы 2012 жылы Якутскіде басталған. Қақаған аяз кезінде жергілікті такси қызметтері бағаны күрт көтерген соң, тұрғындар әлеуметтік желіде бірігіп, жолақыны өзара келісіп белгілеуге мүмкіндік беретін қауымдастық құрған. Кейін осы бастама inDrive қосымшасына айналды.
Бүгінде компания 48 елдің мыңнан астам қаласында жұмыс істейді. inDrive тек көлік шақырумен шектелмей, жеткізу және өзге де қалалық қызметтерді ұсынады. Компания дерегінше, платформа арқылы жасалған мәмілелер саны 2026 жылы 8 миллиардқа жеткен.
"Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек" деген қарағандылық мұғалім жұмысынан кетті
