Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді

Олжас Диханбаев және Мейрамбек Бердіхан
Фото: Олжас Диханбаев және Мейрамбек Бердіханның жақындарының архивінен

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қаза тапқан сарбаздардың жақындары "Аман-сау аттанған бала неге табытпен оралды?" деген жауапсыз сұрақпен қалды. Олжас Диханбаевтың әпкесі Жанардың айтуынша, отбасы қаралы хабарды әуелі туыстарынан естіген. Ол Stan.kz тілшісіне әскери тараптан ешкім кешірім сұрап, көмек ұсынбағанын айтады. Ал Мейрамбекті жақын таныған ару әскерден оралған соң бірге болашақ құруды жоспарлаған екен.

 

"Тірі кеткен бауырымды тауып бер"

Марқұм сарбаз Олжастың әпкесі Жанар қаралы хабарды үлкен ағасынан естігенін айтты. Оның сөзінше, алдымен сіңлісі хабарласып: "Олжасқа бірдеңе болған сияқты, ағама тез хабарласшы" деп үрейленген. Артынша ағасы телефон шалып, інілерінен айырылып қалғандарын жеткізген.

Осылайша, отбасы Олжастың қаза болғанын туыстары арқылы білген. Жанардың айтуынша, оған дейін марқұмның әкесіне де, шешесіне де ресми түрде ешқандай хабар берілмеген. Кейін бұл туралы әскери өкілдерден естіген. Ол отбасы қаралы хабарды түстен кейін, сағат 16:00-16:30 шамасында алғанын айтты.

Олжас Диханбаев
Фото: Олжас Диханбаевтың жақындарының архивінен

Жанардың сөзінше, туыстарына Олжастың мәйітін көрсеткен. Екі бауыры кіріп, марқұмды алып кетуді талап еткен. "Бауырымызды бүгін алып кетеміз" деп талап қойған. Олжастың әпкесі оның Жаңаөзен қаласында білім алғанын айтты. Жанардың айтуынша, Олжастың тәртібі жақсы болған, жаман әдеттері болмаған.

"Тәртібі жақсы, ешқандай жаман әдеті жоқ. Тым жақсы, кәдімгі тап-таза бала еді. Ақкөңіл, аңқылдаған. Ешкіммен шаруасы жоқ, өзімен-өзі жүретін бала еді", – деп марқұмның жақыны жан сырын ақтарды.

Марқұм Олжас Диханбаев Мұнайлы ауданында №1 мектепте оқыған. Кейін оны бітіріп кеткеннен кейін әкесінің жұмысына байланысты Жаңаөзенге көшіп кетті. Сосын "Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжіне оқуға түскен екен. Әлеуметтік желіде тараған видеода мәйітхана алдында бауырын іздеп, жан даусымен айғайлаған әйел, дәл осы Жанар еді. Қазір сол оқиғадан кейін дауысы қарлығып, әрең сөйлеп отырғанын жеткізді.

"Олжас үйдің ең кенжесі еді. Үш бала, бір қыз. Диханбаев Олжас туған ағамның баласы, марқұм болып отырған. Мәйітханаға барып, "Бауырымды тап! Тірі кеткен бауырымды тауып бер!" деп айғайлаған мен едім. Қиын жағдай, әрине. Түс көргендей болып отырмыз. Бізге өлімнің қалай болғаны әлі де жұмбақ болып отыр. Қалай ол... Ішінде келген балалар неге мұндай жағдайға түсіп отыр деп ойлаймыз", – дейді Жанар.

Жанардың айтуынша, отбасы Олжасты қуанышпен күтіп отырған. Тіпті үйде той жасап, оны дембелдеп қарсы алуға дайындалып, қажетті заттардың бәріне алдын ала тапсырыс берген.

"Ешкім кешірім сұрап та келген жоқ"

Алайда қуаныштың орнына отбасы қара жамылды. Жанардың сөзінше, әскери тараптан оларға "Көмектесеміз, көмек береміз" ешқандай көмек көрсетілетіні туралы хабар болмаған. Олжастың мәйітін туыстары мәйітханадан өздері алып кеткен.

"Мұнайлы ауданының әкімі бір қой әкеліп тастады. Аға-сіңлілерім де қолдан келгенше көмек бергендерін беріп жатыр. Басқа ешқандай көмек туралы айтпады. Әскери жақтан келіп хабар да алған жоқ. Ешкім келген жоқ, телефон соққан жоқ. Кешірім сұрап та келген жоқ. Қазір енді баланың әкесі қайта-қайта жедел жәрдеммен отыр. Әкесі жұмыста болды ғой, Ақтауда жұмыс істейді. Біз оған әрең айттық. Әкесінің қан қысымына байланысты жағдайы қиын еді. Қазір енді өзі де жедел жәрдеммен отыр", – дейді марқұмның әпкесі Жанар.
Олжас Диханбаев
Фото: Олжас Диханбаевтың жақындарының архивінен

Жанар отбасы үшін бұл жағдайдың өте ауыр екенін айтты. Оның сөзінше, түрлі банктер мен қорлардан ақша аударылып жатқаны туралы ақпарат естігенімен, олардың отбасына ешқандай қаржы түспеген.

"Ешқандай ақша түсіп жатқан жоқ, ешкім ақша беріп жатқан жоқ. Біз ол ақшаға басымызды қатырып жатқан жоқпыз. Бізге баланың тірі келуі керек еді", – деді ол.

Жанар отбасы жағдай толық анықталғаннан кейін тиісті органдардан көмек талап ететінін айтты.

"Қудалаймыз. Әрең отырмыз мына баланы бір жақты қылайық деп. Жауапты берсін, мойындарына жауапкершілік алсын. Баланың қазасына жауап берсін, не үшін, қалай өлгенін... Тірі кеткен бала не үшін өліп келеді? Тиісті басшылар жазасын алсын. Жазалансын! Қыршынынан кетіп отыр. 20-ға да жасы әлі толған жоқ, осы желтоқсанға толатын еді. Бізге баламыздың қалай өлгені жайлы шындықты жасырмай айтсын. Не үшін үйіне кетейін деп жатқан балаларды алып кетеді", – дейді марқұмның жақыны.

Сондай-ақ ол оқиға болған күні ауа райына байланысты ешқандай ескерту алмағандарын айтты. Оның сөзінше, отбасы ауа райы туралы тек телефонға келетін SMS арқылы хабардар болған.

Бұдан бөлек, ол әскери қызметке кеткен сарбаздардың да оқиғаға қатысты сұрақтары бар екенін жеткізді. Жанардың айтуынша, кейбір сарбаздар ауа райына байланысты сыртқа шықпай, казармада болғанын айтқан. Алайда ол барған кезде прокуратура және қорғаныс министрлігі өкілдерінен нақты жауап ала алмағанын жеткізді.

"Әскерден келгеннен кейінгі болашағымыз туралы көп айтатын"

Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан Мейрамбек Бердіханды жақын таныған Раяна (аты өзгертілген) оның адамға жанашыр, ата-анасын ерекше сыйлайтын жігіт болғанын айтты. Раянаның айтуынша, олар шамамен үш жылдан бері таныс болған. Мейрамбек әскери қызметке кеткенге дейін де араласқан, ал әскерден оралған соң қайтадан жақын сөйлесе бастаған.

"Мейрамбек өте жақсы бала еді. Адамға жанашыр болды. Қабағын түсіріп көрмеген, ата-анасын қатты сыйлайтын. Осы уақытқа дейін оның жаман жағын көрген емеспін. Жақсы бала ретінде есте қалды. Оны Жаңаөзенде де, Ақтауда да көп адам таниды. Дзюдомен айналысатын, жақсы спортшы болды", – деді Раяна.
Мейрамбек Бердіхан
Фото: Мейрамбек Бердіханның жақындарының архивінен

Ол Мейрамбектің қаза болғанын әлеуметтік желіден күтпеген жерден білген. Алғашында оның аты тізімде жоқ деп ойлағанымен, кейін марқұмның есімін TikTok-тан көрген.

"Оның ағайындарына, апаларына, қарындастарына өте ауыр болды. Менің қолымда одан қалғаны – жақсы естеліктер. Ол үлгі тұтатын адам еді", – деді ол.

Раяна Мейрамбектің әскери қызметтен оралғаннан кейін болашаққа қатысты жоспарларымен де бөліскенін айтты. Оның сөзінше, жігіт оған бірге болашақ құру, үйлену туралы ойын айтып, алдағы күндерді асыға күтетінін жеткізген.

"Әскерден келгеннен кейін болашағымыз туралы көп айтатын. Үйленеміз деп те айтқан. Тіпті TikTok-тан болашаққа байланысты видеолар жіберіп, “Осындай күнге бірге жетеміз”, “Менің келуіме аз уақыт қалды” деп айтатын. Ол болашаққа жоспар құрып жүрген еді", – деді Раяна.

Раянаның айтуынша, Мейрамбекпен соңғы рет сөйлескеннен кейін олардың байланысы үзілген.

"Ең қиыны, қоштаса алмай қалғанымыз. Соңғы сөйлескенімізде мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Қазір өте қиын", – деді ол.

Stan.kz
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 16:40