Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда 22 жастағы қыз босанған соң көз жұмды, ал сараптама жарты жылдан бері аяқталмаған

марқұм
Фото: Threads

Талдықорғанда 22 жастағы Аяулым Асхатқызының өліміне қатысты сараптама жарты жылға жуық уақыт бойы аяқталмай тұр. Туыстарының айтуынша, комиссиялық сараптама биыл сәуірде тағайындалған. Алайда арада жарты жылға жуық уақыт өтсе де, оның қорытындысы әлі дайын емес. Жетісу облысының полициясы сараптама жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аяулым Асхатқызының отбасы оның өліміне қатысты қылмыстық істің тергелуіне қоғам назарын аударуды сұрап отыр. 22 жастағы қыз 2025 жылы 10 желтоқсанда – қызын дүниеге әкелгеннен бір ай өткен соң қайтыс болған.

Аяулымның өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл бап медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауына қатысты.

Сараптама неге созылып кетті?

Марқұмның әпкесі Маржанның айтуынша, комиссиялық сот-медициналық сараптама 2026 жылы 4 сәуірде тағайындалған. Алайда алты айға жуық уақыт өтсе де, сараптама қорытындысы әлі дайын емес.

“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының жауабында сараптаманы жүргізу үшін қосымша мамандар қажет екені айтылған. Олардың біліктілігін растау керек болғандықтан, сараптама уақытша тоқтатылған. Аяулым қайтыс болғанға дейін бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген. Жедел жәрдемді жеті рет шақырған. Медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталған. Сонымен қатар комиссиялардың бірінде оның жағдайын алдын алуға болатын еді деген қорытынды жасалған”, – дейді марқұмның туысы.

Туыстары сараптаманың ұзаққа созылуы қылмыстық істің тағдырына әсер етуі мүмкін деп алаңдайды.

“Ең басты қорқынышымыз – істің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылуы. Қылмыстық-процестік кодексiнің 35-бабы 1-бөлігінің 4-тармағына (Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар) сәйкес, қылмыстық іс қылмыстық жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі өткен жағдайда тоқтатылуы мүмкін. Оның аяқталуына шамамен үш ай ғана қалды”, – деп жазды Маржан.

Сондықтан отбасы бұл жағдайға қоғамның назарын аударып, негізгі сараптаманың созылып кетуіне көңіл бөлуді сұрайды7

Маржан сараптаманы жүргізетін мамандардың табылмай отырғанына да наразылық білдірді.

“Үш мегаполис пен Қазақстанның жеті ірі қаласының бірінен сарапшы табылмады ма”, – деп жазды ол.

Полиция не дейді?

Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық істің тергеліп жатқанын хабарлады.

“Жетісу облысы полиция департаментінің Тергеу басқармасы аталған факті бойынша қылмыстық істі жан-жақты әрі объективті тергеп жатыр. Сот-медициналық сараптама заңға сәйкес тағайындалған. Алайда қажет медициналық мамандардың болмауына байланысты оны өткізу қиынға соққан. Қазір сот-медициналық комиссияны құрып, сараптама қорытындысын алу үшін қажет шаралар қабылданып жатыр. Тергеу барысы Жетісу облысы полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды”, – делінген хабарламада.

Полиция сараптама қорытындысы дайын болған соң істің барлық мән-жайы мен оған қатысы адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында егіз босанған әйел перзентханада көз жұмғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 14:02