Қазақстандық зейнеткер танысы туралы қауесет таратқаны үшін 500 мың теңге айыппұл арқалады
Қарағандыда әйел туралы “баланы күйеуінен тапқан жоқ” деген жалған ақпарат таратқан зейнеткер сот алдында жауап берді. Сот оны жала жапқаны үшін кінәлі деп танып, 484,4 мың теңге айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс Қарағанды қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, оқиға 12 маусымда Қарағандыдағы шағынаудандардың бірінде болған.
Сотта зейнеткердің әйел туралы көрінеу жалған мәлімет таратқаны анықталған. Оның “баланы күйеуінен тапқан жоқ” деген сөзі жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімет ретінде бағаланған.
Зейнеткердің кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, куәлардың жауаптарымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдермен расталды.
Іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 1-бөлігі (жала жабу) бойынша қаралды. Бұл бапта 160 айлық есептік көрсеткіш (692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
“Сот жаза тағайындау кезінде құқықбұзушылықтың сипатын, азаматтың жеке басын және оның құқықбұзушылыққа дейінгі әрі кейінгі мінез-құлқын ескерді. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және зейнеткерлік жаста екені ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. 12 тамыздағы сот қаулысымен зейнеткер кінәлі деп танылып, оған 160 АЕК (692 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл 30%-ға қысқарып, нәтижесінде 484 400 теңге өндіріп алу туралы шешім қабылданды”, – делінген жауапта.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық ер адам әскерге шақыру туралы жалған ақпарат таратты деп жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
