Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресурсқа ие болу – оны өңдей білуді білдіреді – Айдархан Құсайынов

өңдеу
Фото: marketeers.com

Қазақстанда жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі жаңа мыс балқыту зауытының жобасы қарастырылып жатыр. Экономист әрі сарапшы Айдархан Құсайынов бұл ақпаратты растап, елімізде мыс өңдеу өндірісін дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сарапшының пікірінше, мұндай жобаларды іске асыру Қазақстан үшін аса маңызды. Алайда бұл жобаларды кім қаржыландыратыны және мыс концентратын өңдеу тарифі қалай белгіленетіні – басты мәселе, дейді ол.

“Металлургтердегі өңдеуді дамыту туралы жазбам жалғасын тапты. Facebook-тегі оқырманым жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін бірден екі жаңа мыс балқыту зауытының жобасы жарияланғанын айтты. Ғаламтордан қарап шықтым, расымен де бұл бағытта қозғалыс бар екен, бұл өте жақсы жаңалық. Менің түсінуімше, қазір негізгі мәселе – осы жобалардың шығынын кім көтеретіні және осы өңдеу сатысындағы баға белгілеу қалай жүргізілетіні. Осыған байланысты бірнеше пікір айтқым келеді”, – деп жазды экономист. 

Ол мұның бірнеше себебі барын жеткізді. Олар: 

Біріншіден, концентратты өңдеген кезде негізгі металдан бөлек түрлі ілеспе пайдалы компоненттер де шығады. Сондықтан кей жағдайда негізгі металды өңдеуді формалды түрде “тегін” деп көрсетуге болады да, қалған қосалқы өнімдердің бәрін өңдеуші өзіне қалдырады. Қысқасы, бұл тегін емес, “маған металл, қалғаны саған” деген қағидаға ұқсайды.

Екіншіден, қазір жұрттың бәрі әуестеніп жүрген спот бағаларға аса сене бермеймін. Еуропа газ бағасын нарықтық негізде қалыптастырумен шектен шығып кетті, біз жел және күн энергетикасында теріс спот бағаларды да көрдік, 2022 жылы мұнай бағасының да құлдырағанын да ұмытқан жоқпыз. Нарықпен осылай ойнау инвестицияны ұзақмерзімді жоспарлауға кедергі келтіреді және нарық қатысушыларын жаңылыстырады. Жалпы, мұндай тәсілдің сәтсіз екені белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, қысқамерзімді ойлайтындар мен өндірістік қуаты шамадан тыс көп елдер әлі де осы тәсілді қолдап жүр. Бірақ стратегиялық тұрғыдан ол тиімсіз.

Үшіншіден, тасымал шығынын да ескеру керек. Концентрат құрамындағы бір тонна металды тасымалдау құны дайын металдың бір тоннасын тасымалдаудан әлдеқайда қымбат. Сондықтан концентратты өңдеу тарифі туралы айтқанда, бұл шығын да есепке алынып, тарифке енгізілуі қажет.

Төртіншіден, белгілі бір кезеңде артық өндірістік қуат демпинг жасауға мүмкіндік беретіні түсінікті. Бірақ мемлекет шетелдік бәсекелестердің демпингтік стратегияларына емес, өзінің ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарына сүйенуі керек.

Айдархан Құсайыновтың айтуынша, Қазақстан үшін өз металлургиясының болуы экономиканың стратегиялық элементтерінің бірі.

“Қазақстан сирек жер металдары мен түрлі металл қорларына бай екенін жиі айтады. Алайда елде шикізатты толық өңдеп, одан жоғары қосылған құны бар өнім өндіретін толыққанды цикл әлі қалыптаспаған. Егер шикізаттан қажет өнімді өзің ала алмасаң, демек сен оған толық иелік етпейсің, тек өзгелерге қызмет көрсетіп отырсың”, – деп жазды сарапшы.

Құсайынов бұл мәселені мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларымен салыстырды. Оның пікірінше, мұнай және газ өңдеу зауыттары жобаларының басты түйіні – олардың сыртқы нарыққа емес, тек бағасы мемлекет тарапынан қадағаланатын ішкі нарыққа жұмыс істейтіндігінде.

“Қазақстандағы ішкі мұнай өнімдерінің бағасы көрші елдермен салыстырғанда төмен және әлемдік бағадан айтарлықтай алшақ. Осыған байланысты мұнай өндіруші компаниялар іс жүзінде ішкі нарықтағы төмен бағаны субсидиялап отыр. Қазірдің өзінде ішкі нарыққа өнімді негізінен біздің компаниялар және Үкімет көндіре алған компаниялар ғана жеткізеді”, – дейді ол.

Құсайыновтың пайымдауынша, мұндай жағдайда жаңа мұнай немесе газ өңдеу зауытын салу мұнай өндіруші компанияларға түсетін қаржы жүктемесін одан әрі арттырады.

“Теңізшевройл (ТШО), Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі жобалардың да ішкі нарықтағы міндеттемелерін ескеру қажет. Бұл ретте ең алдымен ішкі нарықты түбегейлі өзгерту қажет. Ал металлургия саласында жағдай өзгеше. Мыс концентраты да, дайын металл да экспортқа шығарылып, әлемдік нарықта сатылады. Сондықтан бұл салада мемлекеттік реттеудің басқа тетіктерін қолдануға мүмкіндік бар”, – деп жазды экономист.

Құсайыновтың пікірінше, металл өңдеу нарығындағы спот бағалар мен шетелдік өңдеушілердің демпингі секілді факторларды ескеріп, өңдеуге экономикалық тұрғыдан негізделген тариф белгілеу қажет.

“Металл нарығында жағдай өзгеше. Концентрат та, металл да әлемдік нарықта әлемдік бағамен саудаланады. Сол себепті мұндағы қайшылықтарды дұрыс тариф арқылы орнына келтіруге болады", – деді ол.

Сарапшы мұндай жобаларды мемлекет емес, ең алдымен жеке бизнес қаржыландыруы керек деп санайды.

“Бұл бағытқа кен өндіруші компаниялар да, металл тұтынушылары да, металлургиялық кәсіпорындар да келе алады. Мәселен, кен өндірушілер өндірісті жоғары өңдеу деңгейіне дейін жеткізуі, ал металл тұтынушылары өндірістік тізбектің бастапқы кезеңдеріне инвестиция салуы мүмкін. Алайда жеке бизнестің мұндай жобаларға қызығушылығы болуы үшін өңдеу тарифі экономикалық жағынан тиімді болуы қажет. Бүкіл бұл жобаларды жеке бизнес қаржыландыруы тиіс. Бірақ ең бастысы – өңдеуге болатын тариф белгілеу. Мемлекеттік реттеудің мәні де осында”, – деді Құсайынов.

Сонымен қатар экономист нарықты толық либерализациялау мен спот бағаларға көшудің өзі мемлекеттік реттеудің бір түрі екенін атап өтті.

“Егер қолданылған реттеу механизмі теріс нәтижеге әкелсе, мемлекет оның тәсілдерін қайта қарауы керек. Реттеу тәсілін өзгертіп, дұрыс ережелер мен өңдеу тарифтерін бекіту қажет”, – дейді сарапшы. 

Оған қоса экономист Қазақстанның энергетика саласындағы тариф саясатына да тоқталды. Оның айтуынша, ел ұзақ уақыт бойы тарифтерді төмендетіп немесе белгілі бір деңгейде ұстап тұруға тырысты. Алайда мұндай саясаттың салдары қазір айқын көрініп отыр.

"Ел энергетика саласында тарифтерді әдейі төмен ұстап, шектен тыс ойнады. Енді соның зардабын  көріп отырмыз. Бұдан дұрыс қорытынды шығару керек", – деп қорытындылады Айдархан Құсайынов.
Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 12:34