Қарағандыда дроппер шоттары арқылы интернет-казинодан 415 млн теңге шығарылған
Қарағандыда Vavada интернет-казино ойыншыларының ақшасын қабылдап, шығарып отырған топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарында схема ұйымдастырушылары интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдау және шығару туралы келісімге келген.
Қатысушылардың бірі топтың жұмысын үйлестіріп, казино өкілдерімен байланыс орнатқан. Екіншісі дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарына қол жеткізіп, операторларды іріктеген.
Операторлар Қарағандыдағы жалға алынған кеңседе тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген. Жалпы схемаға 23 дроп-шот пайдаланылған. Олар арқылы 415 миллион теңгеден астам сомаға операция жүргізілген.
Екі күдікті үйқамаққа алынды. Сондай-ақ сот олардың мүлкін, соның ішінде жеке үйін, екі жер учаскесін және Mercedes-Benz көлігін қамауға алуға санкция берген.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Бұған дейін қылмыстық топ интернет-казиноға ақша аудару үшін дропперлерді Қазақстанға әкеліп, банк шоттарын аштырғаны туралы жазған едік. Күдіктілер ойыншылардан ақша қабылдау үшін 16 дроппердің банк шоттарын пайдаланған. Оларға түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 миллион теңгеден асқан.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
