Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Табытын таксимен жіберген": Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздың әкесі наразылық білдірді

сарбаздың жерлеу рәсімі
Фото: Видеодан скрин

Желіде Маңғыстаудағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 20 жастағы матрос Мейрамбек Бердіхановты жерлеу рәсімінен видео тарады. Марқұмның жақындары оның денесін отбасына қарапайым таксимен жеткізгеніне наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды

Кадрларда қайғыдан қан жұтқан әкесі қасында тұрған әскери қызметшілерге ашумен сөйлеп, енді кіші ұлдарын ешқашан әскерге жібермейтінін айтады.

"Жасы үлкен болса бір сәрі. Өрімдей бала емес пе? Жасап отырғандары дұрыс па? Таксиге салып жіберіп отыр денесін. Ең болмағанда бір адам алып келуі керек еді ғой. Өз аяғымен кетіп, табытпен келіп отыр. Осыдан кейін әскерге бала сұрамаңдар. Балаларым бар, бірақ бірде бірін әскерге жібермеймін", – дейді марқұмның әкесі.

Ал жазба авторы әскерлерге жасалған бұл қарым-қатынастың дұрыс еместігін және кінәлілер жазалануы қажеттігін айтты.

Автор желіде бұл мәселені резонанс тудыру үшін көтерген.

“Баласының денесін таксимен жіберген. Бәрібір ме сонда? Біздің мақсат хайп жинау емес. Осы жағдайдың ел ішінде маңызы бар уақытында резонанс жасап, кінәлі адамдардың жазалануы үшін салып жатырмыз. Дәл қазір Мейрамбектің де, басқа балдардың да ата аналары, жақындары бұларды салатындай жағдайда емес. Ең болмағанда осылай көмек қолын созып жатырмыз”, – деді жазба авторы.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Қыркүйек, 2026 22:19