Тоқаев өзі басқарған 7 жылда елде қандай өзгерістер болғанын айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жеті жылда Қазақстанда болған негізгі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тоқталды. Президент осы кезеңде ішкі жиынтық өнімнің өскенін, инвестиция көлемі артқанын, мыңнан астам мектеп пен денсаулық сақтау нысаны салынғанын, сондай-ақ ондаған мың шақырым жол жөнделгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, қазір азаматтар елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр.
"Кейінші 7 жылда жалпы ішкі өнім 29%-ға артып, 306 миллиард долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-дан асты. Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. 2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады", – деп тоқталды ел басшысы.
Сонымен қатар мемлекет басшысы белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енгенін ерекше атап өтті.
"Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін", – деп түсіндірді Тоқаев.
Астанада да жоғары деңгейдегі іс-шараларды өткізіп, мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен келіссөздер жүргізіп жатырмын дейді президент.
"Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады", – деді мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан үкіметі 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 0,4%-ына дейін төмендетуді көздеп отырғанын жазған едік. Ол үшін бюджет кірісін арттыру, шығыстарды оңтайландыру және мемлекеттік қарыздың тұрақтылығын сақтау жоспарланған. 2027 жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 триллион теңге болады деп болжанып отыр.
