"Баламды басқа отбасыға бердім": Блогер Айтуған Ғалымовтың бірінші жары 19 жасында зорланғанын мәлімдеді
Блогер Айтуған Ғалымовтың бірінші жары Ильнура Ғалымова НТК Show-ға берген сұхбатында 19 жасында басынан өткен ауыр жағдайы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, өзін сырттай танитын бірнеше жігіт алдап шақырып, кейін олардың біреуі зорлаған.
“Ол кезде мен 19 жаста едім. Олар менің таныс адамдарым болатын. Мені алдап, мұндай әрекетке барады деп мүлде ойламадым. Үшеуі маған жабылды, бірақ біреуі зорлады. Ол адамдармен дос болып, араласып жүрген жоқпын, тек сырттай танитынмын”, – деді Ильнура.
Ол болған жайтты ешкімге айта алмағанын, тек жақын құрбысына сырын ашқанын жеткізді. Полицияға да арызданбаған.
“Ол кезде “ұят болады” деген түсінік қатты болды. Сондықтан ешқайда шағымданбадым”, – дейді ол.
Біраз уақыттан кейін Ильнура жүкті екенін білген. Бұл туралы да тек құрбысына ғана айтқан.
“Құрбым жүктіліктің мерзімі әлі аз екенін, түсік жасатуға болатынын айтты. Бірақ мен оған бара алмайтынымды айтып, бас тарттым”, – деді ол.
Ильнура жүктілігін отбасынан ұзақ уақыт жасырғанын айтады. Оның сөзінше, сол кезде болған жағдай үшін өзін орынсыз кінәлап, туғандарының да өзін айыптауынан қорыққан.
“Мен ашық-жарқын адаммын, кез келген ортамен тез тіл табысамын. Сол себепті “мүмкін, олар мені басқаша қабылдап қалғанына өзім кінәлі шығармын” деп ойлайтынмын. Кей жігіттер күліп, еркін сөйлесетін қызды жеңіл жүрісті деп қабылдайды ғой. Сол кезде өзімді қатты кінәладым”, – деді Ильнура.
Оның айтуынша, жүктілігі жетінші айға дейін аса байқалмаған. Сол себепті ол ауылына да сирек баратын болған. Алайда босанатын уақыт жақындаған сайын баланың болашағына қатысты қорқынышы күшейе түскен.
“Бұл баланы қалай асыраймын? Әкесіз қалай өсіремін?” деп ойладым. Өзім де әкесіз өстім. Ертең балам “Әкем қайда?” деп сұраса, оған не айтамын? “Сенің әкең осындай адам болған” деп қалай айтамын деген ойлар маза бермеді. Содан кейін іштей баланы қабылдай алмай қалдым”, – дейді ол.
Кейін құрбысы оған тоғыз жылдан бері сәби сүйе алмай жүрген бір отбасы туралы айтқан. Босануға аз уақыт қалғанда Ильнура сол отбасының үйіне барып, олармен жақынырақ танысқан.
“Қандай адамдар екенін өз көзіммен көргім келді. Кейін босанған соң баламды соларға бердім. Бірақ құжат бойынша бала әлі менің атымда болды”, – деді ол.
Ильнура болған жағдайдың бәрі аяқталғаннан кейін ғана анасына шындықты айтқанын жеткізді.
“Анама бәрін айтып бергенде, ол кісі: “Неге мұны маған ертерек айтпадың?” деді”, – деп еске алды ол.
Еске салайық, бұған дейін Erkewoka лақап атымен танылған Әсем әлеуметтік желідегі парақшасында сырға салу және ұзату тойынан кадрлар жариялап, тұрмысқа шыққанын хабарлаған еді. Кейін желі қолданушылары оның таңдауы әйелі және үш баласы бар блогер Айтуған Ғалымов екенін анықтап, бұл жаңалық қызу талқыға түсті.
Көп ұзамай Айтуған Ғалымовтың өзі де екінші рет үйленгенін жасырмай, екі отбасы бар екенін ашық мәлімдеді.
“Иә, менің екі отбасым бар. 15 миллион теңге қарызым бар, Аллаға шүкір! Кім не десе де, мен Алламен шыншылмын. Қандай болсаң да, адамға бәрібір жақпайсың”, – деп жазған еді блогер.
Артынша ол екінші жар алу туралы шешімін исламда бұған рұқсат етілгенімен түсіндірді. Ал Айтуғанның бірінші жары Ильнура Ғалымова кейін Әсеммен бірге түскен видеосын парақшасында жариялап, көп ұзамай өшіріп тастаған.
Ал жақында Әсем өзінің жүкті екенін де жариялады.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
