Жақында "Құрмет" орденін алған Satbayev University проректоры пара алды деген күдікпен ұсталды
Алматыда Satbayev University проректоры Ержан Кульдеев ұсталды. Дереккөз мәліметінше, ол қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылып, әрекеті алдын ала пара беру ретінде сараланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алматыда Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің (Satbayev University) проректоры Ержан Кульдеев ұсталды. Оған сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік келтіріліп отыр.
Айта кетейік, Ержан Кульдеев Политех деп аталған университеттің танымал өкілдерінің бірі. Ол осы оқу орнына шамамен 40 жыл бұрын студент болып түсіп, кейін университетте жұмысын жалғастырып, оқытушылық және басшылық қызметтер атқарған. Осылайша, корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор лауазымына дейін көтерілген.
Ержан Итеменұлының ғылыми жетістіктері де бар. Ол Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, Халықаралық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.
Ақпаратқа сәйкес, 7 қыркүйектен бастап Кульдеев қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған. Дереккөздің мәліметінше, оның әрекеті алдын ала пара беру ретінде сараланған. Істі ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр. Тергеу барысында оған өзге де баптар бойынша айып тағылуы мүмкін.
Айта кетейік, 2026 жылғы сәуірде Ержан Кульдеев ғылым саласындағы елеулі жетістіктері мен жоғары білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.
Еске салайық, бұған дейін Дамир Шыныбеков те Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры қызметін атқарған. Ол бас есепші Жанайым Спабековамен бірге университеттің бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп танылып, 2020 жылы 8 жылға бас бостандығынан айырылған. 2023 жылы оның жазасын жеңілдету туралы өтініші қанағаттандырылмаған. Алайда кейін амнистия қолданылып, қамауда өткізген мерзімі қайта есептелгеннен кейін Шыныбеков жазасын толық өтеген деп танылып, бостандыққа шыққан.
