Махамбет Өтемісов атындағы университет ректоры ұсталғаны расталды

Желіде Махамбет Өтеміс атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оған Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Нұрлан Серғалиевтің ұсталғанын растады. Комитеттің мәліметінше, ректорды 21 шілдеде Батыс Қазақстан облысы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері ұстаған.
“Тергеу және өзге де процессуалдық әрекеттерге қатысты мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Университет заң аясында тергеу жүргізіп жатқан мемлекеттік органдарға қажет қолдау көрсетіп жатыр”, – делінген хабарламада.
Оған қоса министрдің 2026 жылғы 23 шілдедегі бұйрығымен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы – ректорының міндетін уақытша атқарушы болып басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Гүлжаһан Қайсағалиева тағайындалған.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
“Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Оралда мәслихат депутаты әрі университет ректоры Нұрлан Серғалиев ұсталғаны туралы жазған едік.
"Бір бие, бір жабағыдан бастадық": 40 жылдан бері жылқы баптап жүрген отбасы қымызмұрындықтың мәнін түсіндірді
Оқыңыз