Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда мәслихат депутаты әрі университет ректоры ұсталды

Ректор Нұрлан Серғалиев
Фото: М.Өтемісов атындағы БҚО университеті

Оралда Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Серғалиев ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазір оқу орнында тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Оқиға жөнінде "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бауыржан Ахметжан Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр.

Ахметжанның мәліметінше, университет қызметкерлерінің айтуынша, Нұрлан Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған. Сондай-ақ оның жұмыс орнында тінту жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ол бұл іске қатысты қосымша мәліметтерді кейінірек жариялайтынын айтты. Оқиғаға байланысты уәкілетті органдардан ресми түсініктеме сұратылды.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша ұсталған еді. Гүлсім Оразбаева 2023 жылдан бері Қостанай қаласының білім бөлімін басқарған. Оның ұсталғанын Қостанай облысының прокуратурасы растады. Ведомствоның мәліметінше, Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті қалалық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар өзге тұлғалармен сөз байласып, мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 21 Шілде, 2026 15:23