ҰҚК қызметкерлері Қостанай әкімдігінде тінту жүргізіп, білім бөлімінің басшысын ұстады

Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Гүлсім Оразбаева 2023 жылдан бері Қостанай қаласының білім бөлімін басқарып келген. Шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпаратты облыс прокуратурасы растады.
Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің өндірісінде қалалық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қаралып жатқаны хабарланды. Олар басқа тұлғалармен бірге мектептерге бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
"Қылмыстық кодекстің “Алаяқтық” бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева ұсталды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – делінген Қостанай облыстық прокуратурасының хабарламасында.
Прокуратура мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілген, соның ішінде лауазымды тұлғалардың жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша тінтулер жасалған.
Еске салсақ, бұған дейін ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкинді әкімдік ғимаратынан алып кеткені туралы жазған едік.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр
Оқыңыз