Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде жоғары лауазымды судья аса ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды

Әділ Бакин
Фото: Әлеуметтік желіден

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратты жоғарғы соттың баспасөз қызметі растады. 

"Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаменті мен Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімі бірлесіп жүргізген операция нәтижесінде Өскеменде аса ірі мөлшерде пара алып жатқан сәтінде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Б. ұсталды. Ол мүдделі тараптың пайдасына оң шешім шығару үшін пара алған", – делінген жоғарғы сот хабарламасында.

Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Әлеуметтік желіде тараған нұсқа бойынша, сот төрағасы Әділ Бакин айыпталушыны бас бостандығынан айырмау үшін 40 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген.

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, судья 100 мың доллар пара алды деген күдікке ілінген, қаражат Бакин мен бір делдалдың арасында бөлінуі тиіс болған.

Арнаның мәліметінше, ақша үшін сот алқасының төрағасы ШҚО Шемонаиха ауданында орналасқан бір компания басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша оң шешім шығарамын деп уәде берген. Мамыр айында олар заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша жауапкершілікке тартылған.

Қазір судья Әділ Бакин қылмыстық кодекстің “аса ірі мөлшерде пара алу” бабы бойынша күдікті деп танылған. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарағанын жазған едік. БАҚ-тағы ақпаратта істің 40 миллион теңгеге қатысты екені және іс бойынша екінші күдікті бар екені айтылған.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 21:44