"Бизнес-класс, жеке жүргізуші, үйге дейін тасымал": Қазақстанда шенеуніктер мен судьялардың жағдайы қалай жасалған

Қазақстанда кейбір мемлекеттік органдар мен сот жүйесінің қызметтік көлікке жұмсайтын шығыны қоғам назарын аударды. Жүздеген миллион теңгеге бизнес-класс автокөліктері жалға алынып, олар тек қызметтік сапарға емес, басшылықты жеке тасымалдауға дейін қолданылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Juzmedia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Елімізде басшылықты жеке алып жүру, бизнес-класс автокөліктерін жүргізушісімен бірге жалдау, тәулік бойы қызмет көрсету үшін жүздеген миллион теңге жұмсалуда.
Басылым мәліметінше, мұндай шығындар тек шенеуніктерге ғана емес, басқа да мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлеріне бөлініп жатыр. Мысалы, судьялар әкімшілігіне қарасты кассациялық соттар департаменті 343 миллион теңгеге тендер өткізген. Бұл ақша судьялардың қызметтік жүріп-тұруына жұмсалады.

Судьялар үшін 29 бизнес-класс көлігі жүргізушісімен бірге жалға алынады. Яғни бұл көліктер сатып алынбайды, тек уақытша жалға беріледі. Олар арнайы мемлекеттік нөмірлермен, үкіметтік ғимараттарға кіру рұқсатымен және тәулік бойы қызмет көрсету жүйесімен қамтамасыз етілген. Көлік бұзылған жағдайда бірден сол деңгейдегі басқа көлік берілуі тиіс.
Көліктер 2012 жылдан ескі болмауы керек. Қыста жылы, жазда салқын, таза әрі техникалық жағынан мінсіз жағдайда болуы шарт. Олар тәулік бойы, түнде де, демалыс және мереке күндері де пайдалануға дайын тұруы тиіс. Әр көлікке жеке жүргізуші бекітіледі. Олар медициналық тексерістен өтеді және қызмет барысында алған ақпаратты құпия сақтауға міндетті.
Министрлік шығындары
Дәл солай Су ресурстары және ирригация министрлігі 103,4 миллион теңгеге алты бизнес-класс көлігін жүргізушілерімен бірге жалға алған.

Бұл көліктер де арнайы нөмірлермен, тәулік бойы жұмыс режимімен, жолға дайын тұруымен және бұзылған жағдайда ауыстырылуымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мереке және демалыс күндері қолданылса, қосымша ақы төленеді.
Министрлік су ресурстары сияқты маңызды саланы басқара отырып, едәуір қаражатты қызметтік жайлылыққа жұмсап отыр.
Алматыдағы инвестициялық құрылым
Алматы әкімдігіне қарасты "Almaty Invest" инвестиция тарту орталығы да көлік жалдау бойынша 23,8 миллион теңгеге тендер өткізген.

Жоба іске аспағанымен, жоспар бойынша төрт көлік жалға алынуы тиіс еді: үш бизнес-класс седан және бір кроссовер. Ең маңыздысы бұл көліктер тек қызметтік сапарларға емес, басшылықты үйінен жұмысқа және кері жеткізуге де пайдаланылуы жоспарланған.
Елімізде бюджет үнемдеу туралы жиі айтылғанымен, бұл мысалдар керісінше жағдайды көрсетеді. Бір жағынан үнемдеу талап етілсе, екінші жағынан мемлекеттік аппарат үшін жоғары деңгейлі жайлылық қалыпты тәжірибеге айналған.