Алматыда абаттандару кезінде ағаштардың түбіне бетон құйылып жатқаны тұрғындарды алаңдатты
Алматыда Құрманғазы көшесінің Абылай хан даңғылы мен Панфилов көшесі аралығында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары тұрғындарды алаңдатып отыр. Threads желісінде тараған видеода ағаштардың түбі бетонмен қоршалғаны, кей тұста тамырлары кесілгені айтылады. Осы жағдайға байланысты Алматы қаласының әкімдігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видео авторы құрылыс жүріп жатқан аумақта бірнеше ағаштың маңайы бүлінгенін көрсеткен. Оның айтуынша, емендердің түбіне бетон құйылып, кейбірінің түбін кесіп тастаған.
"Қалада не болып жатқанын түсінбеймін. Панфилов пен Абылай хан аралығында ағаштардың түбін бетонмен жауып тастаған. Тамырларын да кескен. Емендердің түбіне дейін бетон құйылған, қазір соның біразын қайта ашып жатыр. Бірақ ағаштардың айналасы бүлініп үлгерген", – дейді видео авторы.
Желі қолданушылары да жағдайға алаңдап, құрылыс кезінде ағаштардың қалай қорғалғанын тексеруді сұрады.
Алматы қаласының әкімдігі Құрманғазы көшесінде аумақты абаттандыру және гастрокөше ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
"Бұл аумақта жер бедерінің еңістігіне байланысты жасыл аймақтың деңгейін көтеріп, тіреу қабырғасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін жасыл аумақ қалпына келтіріліп, бұталар отырғызылады. Видеода көрсетілген түбір шамамен екі жыл бұрын кесілген ағаштан қалған. Қазіргі жұмыстар кезінде бұл ағашқа зақым келген жоқ", – деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік мердігер ұйымның қазіргі ағаштар мен өзге де жасыл желектерге зақым келтіргені анықталса, жауапты тұлғаларға тиісті шара қолданылатынын да жеткізді.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
