Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қылмыстық топ интернет-казиноға ақша аудару үшін дропперлерді Қазақстанға әкеліп, банк шоттарын аштырған

дропперлік
Фото: Видеодан скрин

Алматыда заңсыз интернет-казинолардың төлем жүйесін ұйымдастырған адамдар тобы анықталды. Күдіктілер ойыншылардан ақша қабылдау үшін 16 дроппердің банк шоттарын пайдаланған. Оларға түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер "Olymp Casino", "Rukh Poker" және "7Kcasino" интернет-казиноларына төлем жүйесін ұйымдастырған. Атап айтқанда, "Rocket.do" онлайн-платформасы арқылы ойыншылардан ақша қабылдау және оны өңдеу жолға қойылған.

Іске қатысы барлардың бірі шетел азаматы. Ол банк шоттарын пайдалануға беруге келісетін адамдарды іздегені үшін 200 долларға дейін сыйақы ұсынған. Ол тапқан дропперлерді Қазақстанға әкеліп, әуелі, ХҚКО-ға ертіп барып, ЖСН рәсімдеткен. Кейін банк бөлімшелеріне апарып, олардың атына шот аштырған.

Осылайша күдікті 15 шетел азаматының банк шоттарына қол жеткізген. Сонымен қатар өз банк шотын да пайдалануға берген. Ойыншылардан 16 дроппердің шотына түскен қаражаттың жалпы көлемі 110 миллион теңгеден асқан.

Күдіктілердің бірі қамауға алынды. Тағы үшеуіне ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат Қылмыстық процестік кодесінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жыл басынан бері алаяқтық жолмен келген ақшаны заңдастыруға қатысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды. Қаржылық мониторинг агенттігі 40-тан астам схеманы ұйымдастырушыларды анықтап, 500-ден астам адамды заңсыз әрекетке тартқанын хабарлады. Дропперлердің шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз операция жүргізілген.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 12:12