Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда алаяқтардың ақшасын өз шоттарынан өткізген 33 дропперлік топ ұсталды

дроппер Қазақстан
Фото: magnific.com

Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастырумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, 40-тан астам қылмыстық схеманы ұйымдастырушы анықталып, олар 500-ден астам адамды заңсыз әрекетке тартқаны белгілі болды.

Дропперлердің банк шоттары арқылы жалпы сомасы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржы операциялары жүргізілген.

Соңғы екі айдың өзінде 1000-нан астам дроп-карта бұғатталды.

Батыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банк шоттарын пайдаланған халықаралық "дроповодтар" желісінің қызметін тоқтатты. Тергеу барысында шамамен 17 миллион теңге айналымнан кейін шоттары бұғатталған 18 жастағы шот иесін ұйымдасқан топ мүшелері ұрлап әкетіп, күш қолданамыз деп қорқытып, шоттарға қолжетімділікті қайта қалпына келтіруге мәжбүрлегені анықталды.

Осыған ұқсас жағдай Жетісу облысында да тіркелді. Жергілікті тұрғын әлеуметтік желідегі оңай табыс туралы хабарландыруға сеніп, кураторлардың нұсқауымен интернет-алаяқтық арқылы түскен ақшаны қабылдау үшін өзінің банк шоттарын пайдаланған.

 Ақша түскеннен кейін ол қаражатты криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып отырған. Әрбір операция үшін комиссия алып отырған.

Ал Түркістан облысында дропперлік схема Telegram арқылы әрекет еткен жасырын куратордың бақылауында болған. Ол сыйақы ұсынып, студенттер мен кәмелетке толмағандарды интернет-банкингке қолжетімділікті беруге тартқан. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге ілінді.

Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және елдің қаржылық қауіпсіздігі әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын ескертті.

Бұған дейін қазақстандық микроқаржылық ұйым 70 адамның атына заңсыз несие рәсімдегені туралы жазған едік.

2026 жылғы 4 ақпанда белгісіз тұлға микроқаржы ұйымы арқылы Қазақстан Республикасының азаматының атына заңсыз несие рәсімдеген. Анықталғандай, жәбірленуші онлайн несие алу үшін өзінің биометриялық деректерін ұсынбаған. Оның орнына алаяқтық жолмен үшінші тұлғаның деректері пайдаланылған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 20:23