Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балқашта 750 миллиард алпауыт зауыт салынбақ

мыс қорыту зауыт
Фото: magnific.com

Қарағанды облысының Балқаш қаласында құны 750 миллиард теңге болатын жаңа мыс балқыту зауыты салынады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Qazaq Smelter ЖШС арасында мыс балқыту зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа кәсіпорын Қарағанды облысының Балқаш қаласында бой көтереді. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, зауытты 2030 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа кәсіпорын шамамен 1200 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Зауыт іске қосылған кезде қызметкерлердің 90 пайызын қазақстандық мамандар құрайды. Ал бес жыл ішінде бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін өседі.

Сонымен қатар инвестор Қарағанды облысындағы оқу орындарында 50 студенттің білім алуын қаржыландыру міндетін өз мойнына алған.

Жобаға жеке инвесторлар 750 миллиард теңге инвестиция салады.

Зауыттың жылдық өндірістік қуаты:

  • 300 мың тонна катодты мыс;
  • 10 тонна алтын;
  • 300 тонна күміс;
  • 1,5 миллион тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді.

Зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы мыс өндірісінің жалпы көлемі 1,5 есеге артады. Қазіргі өндіріс көлемі жылына 800 мың тоннадан асады деп деген болжам бар.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 09:47