"Орталық Азиядағы студенттердің 100%-ы грантпен оқитын алғашқы институт": Арсен Томскийдің қолдауымен құрылған inVision U бакалавриаты ашылды
Алматыда жасанды интеллект дәуірінде көшбасшылықтың қалай өзгеріп жатқанына арналған халықаралық inVision U Forum өтті. Форумға академиялық орта, бизнес, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен студенттер қатысып, AI-дың білім беру саласына, еңбек нарығына және болашақ мамандарға қойылатын талаптарға ықпалын талқылады.
Форумның негізгі сұрағы – AI-мен бірге жұмыс істеген кезде көшбасшылық қалай өзгереді және бұл бүгін білім алып жатқан жастар үшін нені білдіреді?
Талқылауға inVision U және inDrive негізін қалаушы Арсен Томский, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев қатысты. Сонымен қатар форумда Kellogg School of Management профессоры Брайан Уцци, MBZUAI көшбасшылық бағдарламаларының директоры Вадиа Айт Хамза, Halyk Bank HR-директоры Индира Ашырова, inDrive HR-директоры Вера Соломатина, баспагер әрі медиаменеджер Арманжан Байтасов және басқа да сарапшылар сөз сөйледі. АҚШ, БАӘ, Нидерландтан келген спикерлер мен қазақстандық сарапшылардың пікірін тыңдауға 400-ден астам адам жиналды.

Форум inVision U-дағы жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс өтті. Биыл бакалавриат және Foundation бағдарламалары бойынша 112 студент оқуын бастады. Бакалавриаттың алғашқы қабылданған студенттерінің барлығы грант негізінде білім алады.
"Бүгінде бізге жасанды интеллектіні қолдана білумен қатар, өз бетінше ойлай алатын, шешім қабылдап, жауапкершілік ала білетін көшбасшылар қажет. Олар білімді, мықты, интеллектуалды тұрғыдан дамыған және білікті болуы керек. Менің ойымша, дәл осындай көшбасшыларды inVision U қалыптастырады – жастарға болашақта қоғамның дамуына ықпал етуге мүмкіндік беретін білім мен құралдар береді", – деді Мәулен Әшімбаев форум барысында.
Бакалавриаттың іске қосылуы Арсен Томскийдің білім беру бастамасын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бағдарлама пәнаралық академиялық білімді нақты мәселелерді іс жүзінде шешумен ұштастырады. Оның мақсаты – сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық дағдыларды және белгісіздік жағдайында әрекет ете білуді дамыту.

Дәл осы мәселелер білім беру бағдарламасы мен форумды өзара байланыстырып тұрды: студенттер оқуын бастап жатқанда, зерттеушілер, оқытушылар мен практиктер AI күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналған әлемде көшбасшылардың жаңа буынына қандай білім мен дағдылар қажет болатынын талқылады.
"Менің жеке миссиям да, компанияның миссиясы да – әділетсіздікті азайту арқылы әлемді дамыту. Мен қарапайым ойға келдім: бұған қол жеткізудің ең тиімді жолы – барлық мәселені өзіміз шешуге тырысу емес, оларды жүйелі түрде шеше алатын мыңдаған адамды дайындау. Сондықтан біз халықаралық эксперимент – әлемге ауқымды деңгейде ықпал ете алатын көшбасшыларды даярлау жүйесін құрып жатырмыз. Алдағы 15-20 жылда әлемнің әр түкпірінде осындай алты-жеті университет ашып, әділетсіздікті азайту жолында бірге жұмыс істейтін мықты түлектер қауымдастығын қалыптастырғымыз келеді", – деді inVision U негізін қалаушы және inDrive CEO-сы Арсен Томский.
inVision U туралы
inVision U – inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томскийдің білім беру бастамасы. Университет академиялық білімді нақты өмірдегі мәселелерді шешуге бағытталған тәжірибемен ұштастыратын тегін пәнаралық білім береді. inVision U жауапкершілігі жоғары, сыни ойлайтын және әрекет етуге дайын көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған. Бағдарлама жас көшбасшыларға өз қауымдастықтарындағы мәселелерді шешуге және әділеттірек болашақ құруға қажетті білім мен дағдыларды, сондай-ақ халықаралық серіктестер мен кәсіби желілерге қол жеткізу мүмкіндігін береді.