Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жас маман "Дипломмен – ауылға" арқылы 5 миллион теңге алып, ауылда жұмыс істемеген

мұғалім
Фото: regnum.ru

Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау алған азаматтардың шарттық міндеттемелерін орындамағаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Прокуратураның мәліметіне сенсек, талдау барысында мемлекеттік қолдау алған кей азаматтардың шарттық міндеттемелерін орындамағанын анықтаған.

Анықталған заң бұзушылықтардың жалпы сомасы 10,6 миллион теңге. Мәселен, 2023 жылы Күршім ауданының әкімдігі медициналық колледжді тәмамдап, аудандық ауруханаға жұмысқа келген жас маманға 5 миллион теңге бюджеттік кредит және 345 мың теңге көтерме жәрдемақы берген.

Алайда медицина қызметкері алған қаражаттан кейін шартта көрсетілгендей, ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетін орындамаған.

Прокуратураның шараларынан кейін 2,95 миллион теңге мемлекет бюджетіне қайтарылды. Қалған соманы өндіріп алу мәселесі бақылауда.

Прокуратура бюджет қаражатының заңды әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін ауылдық жерлерде жұмыс істейтін дәрігерлерге мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау көрсетілетінін жазған едік. Жас мамандар баспана алуға қаржылай көмек алып, 393 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақыға ие бола алады. Ал тапшы мамандық иелеріне ауылда кемінде бес жыл жұмыс істеу шартымен 8,5 миллион теңгеге дейін біржолғы төлем қарастырылған. Ауыл медицинасына көрсетіліп жатқан өзге де қолдаулар туралы Stan.kz тілшісі анықтап көрді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 16:01