1 және 2 жастағы балалары бар қазақстандық әйел ішімдік ішкені үшін айыппұл арқалады
Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының тұрғыны кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу міндетін бірнеше рет орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2026 жылдың тамызында азаматша Б жұбайымен бірге Тараз қаласында уақытша тұрып жатқан үйінде орташа дәрежеде масаң күйде болған. Сол уақытта үйде оның 1 және 2 жастағы екі кішкентай баласы болған. Бұл туралы полицияға көршілері хабарлаған.
Тексеру кезінде үйдегі антисанитариялық жағдай және балалардың қалыпты дамуына қажетті жағдайлардың болмағаны анықталған.
Сот бұған дейін, тамыз айының басында, әйелдің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау) бойынша жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

Сот отырысында әйел балалардың көзінше жұбайымен бірге ішімдік ішкенін мойындап, кінәсін толық растады. Осы бап бойынша мұндай әрекет үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (64 875 теңге) айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.
Сот әйелдің кінәсін мойындауын және кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Осылайша, әйел айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Семейде мас күйдегі ер адам көшеде кәмелетке толмаған қыздарға тиісіп, әдепсіз сөздер айтып, жыныстық қатынасқа түсуді ұсынған. Қыздар оқиғаны видеоға түсіріп алған. Абай облысының полициясы бұл дерек бойынша тексеру жүргізіп, ер адамның жеке басын анықтады.