Жылдамдықты сағатына 154 шақырымнан асырған астаналық жүргізуші қамауға алынды
Астанада 22 жастағы жүргізуші көлік жылдамдығын сағатына 154 шақырымға дейін жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 22 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға 12 тамыз күні кешкі уақытта болған. "Kia K7" көлігін басқарған жүргізуші "Ұлы дала" даңғылы жағынан Айтматов көшесімен келе жатып, көлік жылдамдығын сағатына 154 шақырымға дейін жеткізген.

Елорда прокуратурасының мәліметінше, жол қозғалысы ережесін жүйелі әрі өрескел бұзатын жүргізушілерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бірыңғай тәжірибесі енгізілген.
Сот қаулысымен жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Прокуратура жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды. Мамандардың айтуынша, жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен агрессивті көлік жүргізу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Жол ережесін бұзған жүргізушілерге қандай жаза қарастырылған?
Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұлдан бастап, көлік жүргізу құқығынан айыру және әкімшілік қамаққа дейін түрлі жаза қарастырылған.
Мәселен, белгіленген жылдамдықты сағатына 40 шақырым және одан да жоғары асырған жүргізушіге 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер бұл құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 30 айлық есептік көрсеткіш (129 750 теңге) дейін өседі.
Көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш (21 625 теңге), қызыл шамға өткендерге 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге), ал жаяу жүргіншіге жол бермегендерге 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл (43 250 теңге) салынады. Жолда апатты жағдай туғызған жүргізуші 10 айлық есептік көрсеткіш (43 250 теңге) айыппұл төлейді. Мұндай әрекет қайталанса, жүргізу құқығынан 6 айға айырылуы мүмкін.
Ал көлікті мас күйінде басқарғандардың жауапкершілігі бұдан да қатаң. Оларға 15 тәулік әкімшілік қамақ және 7 жылға жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнын тастап кету, полицияның тоқтату талабын орындамау немесе көлікті жүргізу құқығынан айырылған күйде басқару да қатаң жауапкершілікке әкеледі.
Еске салсақ, бұған дейін блогер Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видеосы үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік. Блогердің үстінен дәл осы Алматы ПД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев шағымданған.
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.