"Терезеге қарай біреу шақырды": Алматыда 6-қабаттан құлаған қыздың өліміне қатысты күдіктінің жақындары өз нұсқасын айтты
Алматыда 24 шілдеге қараған түні жоғары қабаттан секіріп кеткен Сана Нұржанова есімді арудың өліміне күдікті Даниал Сейдулланың жақындары баспасөз-мәслихатын өткізіп, тілшілерге өз нұсқасын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жақындарының сөздерінше, оқиға болған кезде Даниал ізін суытып кетпеген. Жедел жәрдемнің барлығын өзі шақырған.
Оқиға қалай болды?
24 шілде күні таңғы сағат 04:54-те Алматы қаласының Әуезов ауданындағы полицияға көпқабатты үйдің алтыншы қабатынан қыздың құлап кеткені туралы хабар түскен. Жедел жәрдем келгенге дейін қыз қайтыс болған. Осы факті бойынша полиция сол күні Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігімен, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс бастаған. Тергеу барысында Сана оқиға болған пәтерде өзінің жігіті, 2004 жылы туған Сейдулла Даниалмен бірге болғаны анықталған. Даниалдың адвокатының айтуынша, бастапқы кезеңде жігіт тергеуден қашпаған, полициямен бірге жұмыс істеген, жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін айтқан. Сондай-ақ ол телефонын өз еркімен тергеуге берген.
Алайда 8 тамызда оның ісіндегі күдік өзгерген. Даниалға Қылмыстық кодекстің 105-бабы 2-бөлігі бойынша — адамды дәрменсіз немесе өзіне тәуелді жағдайдағы күйінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу және 110-бабы 2-бөлігі бойынша — осындай адамға ерекше қатыгездікпен күш қолданып, физикалық немесе психикалық азап келтіру күдігі тағылған. Сол күні сот Даниалды екі айға қамауға алған. Қамау мерзімі 6 қазанға дейін белгіленген. Қазір Даниалдың адвокаты мен туыстары оның бұл қылмыстарға қатысы жоқ деп есептейді. Олар тергеу барысында оның құқықтары бұзылғанын, жаңа күдікке негіз болған дәлелдер толық тексерілмегенін және тергеу органы жәбірленуші тараптың позициясына басымдық беріп отырғанын мәлімдеп отыр.

Сондықтан Даниалдың анасы, адвокаты және достары 23 қыркүйекте Алматыда баспасөз конференциясын өткізіп, істің мән-жайын өз нұсқаларымен түсіндірмек. Олар Бас прокуратурадан істің объективті тергелуін талап етпек. Яғни оқиғаның өзегі — Сана Нұржанованың пәтердің алтыншы қабатынан құлап қайтыс болуы, ал оның жігіті Даниалдың кейін қызды азаптап, өзін-өзі өлтіруге жеткізді деген күдікпен қамауға алынуы. Даниалдың қорғау тарабы бұл айыптарды жоққа шығарып отыр.
Адвокат не дейді?
Адвокат Николай Лигайдың сөзінше, 8 тамыздан бері уақытша ұстау изоляторында жатқан Даниалдың мәселесіне әлі күнге дейін құзырлы органда тергеулік түсніктеме бермеген.
“Бұндай болмайды ғой. Адам қылмысқа күдікті деп танылды, алайда ештеңе істелінбейді. Мен қосымша жауап алу бойынша арыз жаздым. Қағаз жүзінде арызым қабылданады, бірақ іс жүзінде ештеңе жоқ. Біз ешкімге қысым немесе айыптаушы тарапқа еш ренішіміз жоқ. Тек істі адалынан қарап, өз бағасын берсе екен дейміз”, – деді адвокат Лигай.
Адвокат Алматы қаласының прокуроры Кәрібеков Серіктің осы сотқа дейінгі тергеу амалдарына көз қырын салғанын қалайтынын мәлімдеді.

Адвокат өз сөзінде Сананың масаңқы күйде оны бір қыз терезеге қарай шақырып жатқаны туралы галлюцинация болғанын да мәлімдеді. Сөзінше, Даниал мен Сана бір үйде бірге қонған. Ал Даниал сол сәтті аудиожазбаға жазып алған.
Аудиожазбада расымен де Сана Даниалға оны терезе жаққа кекілі бар, жас шамасы 30-ға тақаған әйел шақырып тұрғанын айтқан. Ал Даниал оны тыныштандыру мақсатында ол жай ғана оныі түсі екенін алға тартқан.
“Бізде аудиожазба бар. Ол аудиожазбада Сана масаңқы күйінде түңгі уақытта көзіне елес көргенін байқауға болады. Кекілі бар қыз мені терезеге қарай шақырып жатыр деген сөздер айтылған. Даниал оны тыныштандырып, үйде екеуінен басқа ешкім жоқ екенін айтып жатыр. Бірақ бұл ешқандай қараусыз қалып отыр”, – деді адвокат Лигай.

Сондай-ақ Даниалдың тарапы оқиға болардан 4 күн бұрын олар некені тіркеуге өтініш тастағандарын да мәлімдеді. Даниалдың анасы бұдан бейхабар болғанын жасырмады. Айтуынша, бұл жағдайды ол өз ұлының әлеуметтік желісіндегі парақшасынан көрген.
Баспасөз-мәслихатына Даниалдың Руслан және Жәңгір есімді достары да қатысты. Русланның сөзінше, ол Даниал екеуі бала кезден келе жатқан досы.
“Даниал Санамен танысқанда, оның жанында мен де болғанмын. Ол жалғыз тұрғанда, Даниал екеуімізді үйіне қонаққа шақыратын. Бірақ мен қызды масаңқы күйінде жиі көретінмін. Екеуі махаббат дастанын құрып жүргенде Даниал ылғи да оған көмектесіп, оның бұл әдетін қойдыруға тырысатын. Некенің өтінішін қабылдаған күні Даниал бірге тойлауды ұсынды. Әрине олармен бірге шықтым және сол кезде де қыз мас болып оғаш қылықтар көрсете бастады. Ал Даниал оны осы жағдайдан құтқарғысы келді, өйткені ол Сананы ерекше жақсы көретін”, – деді Даниалдың Руслан есімді досы.
Даниалдың Жәңгір есімді досы да өз пікірін қосты. Сөзінше, Сананың алкогольді жиі тұтынатыны рас. Алайда ол құрбысы екеуі ащы сумен ғана шектелмей, есірткі де тұтынатынын мәлімдеді.
“Тергеу амалдары кезінде Сананың, оны құрбысы Галинаның да есірткіден алыс емес екені барлығына мәлім деп ойлаймын”, – деп сөзін қорытындылады Даниалдың Жәңгір есімді досы.
Сөз соңында адвокат Даниалдың Сананы күштеп терезеден лақтырды деп есептеу – ақылған қонымсыз деп есептейтінін айтты. Оның айтуынша, егер жігіт қызға күш көрсетсе немесе қыздың терезенің жанына күштеп алып барса, әр адам алдымен күш көрсетушіге қарсылық танытады. Әлсіз болғанның өзінде айғайлап, дауыс шығарады дейді.
Еске сала кетейік, Шымкентте биология пәнінің мұғалімі мектепте терезе жуып жүріп, орындықтан құлап, жарақат алған. Педагогтың айтуынша, жұмыс оның еңбек шартына кірмейді. Ол мектеп басшылығына шара қолдануды талап етсе, директор мұғалімдерді терезе жууға мәжбүрлемегенін айтады.