Астанада қыз 10-қабаттан құлап кеткен: Полиция бейнежазбаларды туыстарына бермей отыр
26 тамыз күні Астанада “Заңғар” тұрғын үй кешенінде Назым есімді қызылордалық тұрғын 10-қабаттан секіріп қаза тапты. Үйде қызбен бірге болған достарының сөзінше, ол анасын сағынғанын айтып, секірді десе, жақындары оған сенбейді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Назымның Аңсаған есімді әпкесі редакциямызға сұхбат беріп, өз нұсқасын айтып берді. Сөзінше, Назым Қызылордадан Астанаға жұмыс істеу үшін барған. Ал оқиға 26 тамыз күніне қараған түні болған.
“Оқиға 26 тамыз күніне қараған түні таңға жақын болған. Аяулым, Мағжан, Азамат есімді адамдар болған қасында. Бірақ олар ұзақ уақыт бойы жедел жәрдем шақырмаған. Біз енді сіңіліміздің “мамасын сағынды” екен деп терезеден секіріп кеткенге сенбейміз. Ол туралы бізге ештеңе айтпаған. Аяулыммен Қызылорда қаласында бірге жұмыс істеген. Кейін ол Астанаға кеткен, Назым да Астанаға барғанда бір-біріне хабарласып, үлкен қалада қыдырған”, – деді Назымның әпкесі Аңсаған.
Аңсағанның айтуынша, Назым Астанада өз туысқандарымен тұрған. Құрбысы Назымды шақырып, пәтерде 2 қыз, 2 жігіт болып отырған. Отырыс кезінде спиртті сусындар да болғанын Аңсаған жасырмады.
“Назымнан кіші сіңілім екеуі сол уақытта сөйлескен. Бір-біріне “неге ұйықтамай жатсың?” деген сынды хабарламалар жазған. Түнгі 2:40 кеткенде қасындағы Аяулым кіші сіңіліме Назымның өмірден озғанын жазып жіберіпті. Жазбада: “Назымнан айырылып қалдық. Анасын сағынғанын айтып, терезеден секіріп кетті” деген хаттар жазып жіберген”, – деді әпкесі Аңсаған.

Департамент камераны аштырмай отыр
Аңсағанның сөзінше, Назымның жақындары Аяулымның айтқанына сенбейді. Ал мәселенің анық-қанығын білу үшін камераны ашып, түсіп қалған бейнероликті қарайын десе, полиция департаменті камераны аштырпай отыр.
“Полициядан камераны аштыртып, мән жайды білейік десек, олар бізге көрсетпей отыр. Сөздерінше, камераны ашып қарау үшін адвокат жалдау керек дейді. Бірақ кейбір таныстарымыз оны аштыру үшін міндетті түрде адвокатының болуы міндет емес дейді”, – деп мәлімдеді Аңсаған.
Назымның отбасы қазір осы істі қолға алатын адвокаттар іздестіріп жатыр. Аңсағанның сөзінше, Egov арқылы жазған арызы қабылданған. Ал қазіргі уақытта оқиға кезінде қасында болған адамдардың ешқайсысы не телефон көтермейді, не жекесіне жазсаң жауап бермейді.
“Аяулым мүлдем телефонын көтермейді, бірақ бір естігенім бойынша, қазір ол Қызылордада жүр. Біз неліктен олардан күдіктеніп отырмыз, егер ол кінәсіз болатын болса, онда үйге келіп көңіл айтуға келер еді ғой. Олар бізден қашып жүр. Instagram, Tik-tok парақшаларының бәрін жауып тастаған”, – деді Аңсаған.
Аңсағанның сөзінше, Аяулым есімді құрбысы бұған дейін “зорлау фактісі” бойынша, арыз жазып бір жігітті 7 жылға қамап тастаған.
“Назымның жасы 19-да, Аяулым осы жақында ғана 18-ге толды. Ал ана жігіттер 2003 жылы дүниеге келген, Жамбыл облысының тумалары. Олар әлі белгісіз, табылмай жатыр. Ал кеше ағамыз Астанаға департаментке барды. Экспертизаға 1 ай уақыт кетеді, күтіңіздер деп жатыр”, – деп сөзін қорытындылады.
Камераны міндетті түрде адвокатпен ашу керек пе?
Пәтердегі камераны ашу үшін міндетті түрде адвокатпен келу керек пе деген сұрақ туындайды. Бұл туралы заңгер Абзал Қасымжановтан сұрап білдік. Заңгердің сөзінше, егер қыздың отбасы видеокамерадағы бейнелерді алатын болса, онда көбіне сұрақ туындауы мүмкін.
“Бұл жерде отбасы бейнекамерадағы түсірілген жазбаларды өздері алатын алатын болса, олардың тарапына көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Кімнен, не үшін және ол бейнежазбаны қалай алды дегендей. Сондықтан адвокат немесе заңгер ресми түрде сұраным хат жіберіп алуға болады”, – деді заңгер Абзал Қасымжанов.
Сондай-ақ заңгер бейнекамерада түсірілген жазбаны басқаша да алуға болатынын айтты.
“Марқұмның отбасы өз еркімен пәтер меншік иелерінің кооперативіне немесе бейнекамералармен қызмет көрсететін компанияларға жазбаша түрде өтініш жазса, компания оларға туыстарының арызы негізінде жазбаларды бере алады”, – деп қорытындылады заңгер.
Бұл оқиға бойынша Астана қалалық департаментінен пікір сұраған едік, алайда департамент редакцияға ешқандай да жауап бермеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақнәр Гүлістанның өлімі мұқым халықтың назарын аудартқан еді. Қайғылы оқиға 2024 жылғы шілдеде Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. 22 жастағы студент жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, ол өз-өзіне қол салды ма, әлде зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапты ма деген мәселе әлі анықталмай отыр. Кейін марқұмның өлімі бойынша ешқандай күдікті анықталмады.