Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша істе ешкім күдікті деп танылмаған

Фото: Жақындарының архиві

7-қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның өлімі бойынша күдікті анықталмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2024 жылғы жазда жетінші қабаттан құлап қаза болған КИМЭП студенті Ақнәр Гүлстанның ісі бойынша ешкім күдікке ілінбеді. Мұны Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов айтты. Сөзінше, әлі де тергеу жалғасып жатыр. 

Іс өндірістік тергеу бөлімінде екен. Сараптамалар мен іс бойынша материалдар Қытайға жіберіліпті. Себебі марқұм Қытайда тұрған және сонда оқыған. ІІМ оның жауабын күтіп отыр.

 Айта кетейік, қайғылы оқиға 2024 жылғы шілдеде Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. 22 жастағы студент жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, ол өз-өзіне қол салды ма, әлде зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапты ма деген мәселе әлі анықталмай отыр.

Марқұм Қытайдан келген қазақ қызы болған. Онымен бірге оқыған екі студент те этникалық қазақтар, Қытай азаматтары болған. Олардың бірі Ранна Аскар Ақнәрді 2024 жылғы 19 шілдеде үйіне шақырған. Сол түні қыз жетінші қабаттан құлап, көз жұмды. Кейін Ранна Қазақстан азаматтығын алған.

Екінші қыз – Дидар Мұқият – Ақнәрмен бір жатақханада тұрған. Оқиға кезінде ол да Қытай азаматы болған.

Марқұмның анасы қызының денесінде соққы іздері болғанын айтып отыр. Оның сөзінше, тістелген, тырналған іздер, сынған тырнақтар мен жұлынып қалған шаштар анықталған. Бұл деректерді медициналық сараптама да растаған.

Алғашында іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қаралған. Алайда марқұмның туыстары қыздың денесінде зорлық-зомбылық белгілері болғанын айтып, істі кісі өлтіру бабы бойынша қайта қарауды талап етіп отыр. Марқұмның анасы тергеудің созылып кеткеніне наразы болып, әділдік сұрап Президентке үндеу жасаған еді.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 14:24