Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Құдай сақтасын, бетін аулақ”: Бағым Мұхитденова Мөлдір Әуелбекованың жазбасына жауап берді

Бағым мен Мөлдір
Фото: Instagram.com/bagym_m / moldir.auyelbekova

Продюсер Бағым Мұхитденова әнші Мөлдір Әуелбековаға әлеуметтік желіде жазба арнады. Бұған әншінің желідегі пікірге берген жауабы себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушыларының бірі Мөлдірге "Моля, ұстазыңызбен достасыңыз" деп жазған. Әнші оған "Құдай сақтасын, бетін аулақ" деп жауап берген. Осыдан кейін Бағым Мұхитденова өз парақшасында ұзақ жазба жариялады.

Продюсер әншіні "шәкіртім" деп атап, үнсіздігін әлсіздік деп қабылдамауға шақырды. Оның айтуынша, Мөлдір Әуелбекова ақылға тоқтайтын жасқа жетсе де, артық сөз айтып, орынсыз әрекет жасап жүр.

 "Құдайға шүкіршілік айтып отырып, сол құдайдың “жақсылық жасаған адамға алғыс айт” деген аманатының орнына “бәлесінен аулақ” деуің дұрыс па? Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, “бәріне өз күшіммен жеттім” деуің дұрыс па?" – деп жазды Бағым Мұхитденова.

Ол Мөлдірдің кезінде өз шаңырағында тұрғанын, қазақ сахнасына шығуына көмектескенін айтып, бүгінде сол жақсылықтың ұмыт қалғанына реніш білдірді.

"Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, "бәріне өз күшіммен жеттім" деуің дұрыс па? Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па? Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатын алып қойғаның дұрыс па? "Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш" деген халықпыз, мен бәрін кештім, сол сәтте қайтадан құйтырқы мінезіңді көрсетуің дұрыс па?” – деп жазды Бағым Мұхитденова.

Бағым Мұхитденова жылдар бойы ренішін ішіне сақтап, үнсіз келгенін айтты. Ол әншінің өзін құрбан ретінде көрсеткеніне де наразылық білдірді.

“Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан қып көрсетуің дұрыс па? Тәубә мен тәрбиені тілге тиек етсең, ендігісі біз жаққа қарап сөйлеме. Сонда мен де жұмған аузымды ашпаймын. Дәл осы ән сені Елге танытты, атақ әкелді, әлі күнге дейін табыс әкеліп отыр. Сондықтан қайдан шыққаныңды, кімнің арқасында танылғаныңды ұмытпа”, – деп жазды продюсер.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт оның қатысуынсыз да жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.

“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Ал Баян Алагөзова оның бұл шешімін сатқындық деп бағалады. Продюсер ашуын жасыра алмай, Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.

“Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 % күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік”, – деді продюсер.

Баян Алагөзованы ең қатты Мөлдір Әуелбекованың концерт процесі жүріп жатқан кезде біржақты шешім қабылдап, алдын ала жеке хабарлама жазбай, көпшілік алдында концертке қатыспайтынын жариялағаны ренжіткен.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 17:40