Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада ер адам бұрынғы сүйіктісін жұмыс орнында жанғыш сұйықтықпен қорқытып, өртемек болған

сталкер
Фото: Shutterstock

Астанада ер адам бұрынғы бірге тұрып жүрген әйелінің жұмыс орнына жанғыш сұйықтықпен келіп, оны өртеп жіберемін деп қорқытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қалалық прокуратураның мәліметінше, ер адам әйелдің жұмыс орнына бөтелкеге құйылған жанғыш сұйықтықпен келген. 

Ол бұрынғы қарым-қатынасты қайта жалғастыруды талап етіп, әйелді өртеп жіберетінін айтып қорқытқан. Кейін жәбірленушінің үстіне жанғыш сұйықтық құйып, оның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы күдіктінің кінәсін толық дәлелдеді.

Сот шешімімен ер адамға 60 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылып, оның ішінде жәбірленушіге жақындауға қатаң тыйым салынды.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

"Азаматтардың өміріне, денсаулығына және қол сұғылмаушылығына жасалған кез келген әрекет, соның ішінде қорқыту мен қудалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қауіп төнген жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет", – деп еске салды Астана прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырып, бетіне қышқыл сұйықтық шашып жіберген.  Шымкентте бес жыл бұрын ажырасып кеткен әйелге бұрынғы күйеуі қышқыл сұйықтық шашты. Оқиға бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Алайда іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) тіркеліп, бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Күдікті алименттен жалтару мақсатында осындай іске барғаны туралы ақпарат бар.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 17:58