Қарағандыдағы құны 1,1 млрд доллар болатын вольфрам жобасы 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашпақ

Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеру жобасы Қазақстанның аса маңызды минералдар саласындағы ірі өнеркәсіптік бастамалардың біріне айналуы мүмкін. Жобаның маңызы тек шикізат қорымен ғана емес, вольфрамды өндіру мен терең өңдеуге негізделген өндірістік тізбекті қалыптастыру әлеуетімен де ерекшеленеді.
Жоба сәтті іске асқан жағдайда Қазақстан вольфрамды өндіруден бастап, металлургия, машина жасау, құрал-сайман өндірісі және басқа да жоғары технологиялық салаларға қажетті дайын өнім шығаруға дейінгі баға тізбегіндегі орнын күшейте алады. Бұл өңірде ұзақ мерзімді өндірістік циклдің қалыптасуына, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына, инженерлік және өндірістік мамандықтарға сұраныстың артуына, сондай-ақ ірі өңдеу кәсіпорны төңірегіндегі сервистік қызметтердің дамуына ықпал етеді.
Жобаның негізгі қатысушыларының бірі – аса маңызды минералдар саласына инвестиция салуға маманданған америкалық Cove Kaz Capital Group инвестициялық тобы. Компания Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарын ұзақ мерзімді өнеркәсіптік актив ретінде қарастырып, қаржыландыру тарту, құрылыс жұмыстарын дайындау, өңдеу инфрақұрылымын салу және өндірілген өнімді коммерцияландыру бағытындағы негізгі міндеттерді өз мойнына алмақ.
Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеруге лицензиясы бар "Солтүстік Қатпар" ЖШС-дегі Cove Kaz Capital Group компаниясының үлесі – 70%. Жобадағы серіктес – үлестің 30%-ына иелік ететін ұлттық тау-кен компаниясы "Тау-Кен Самұрық". Жоба халықаралық инвестор мен қазақстандық тараптың әріптестігі аясында жүзеге асырылады.
Жоба әлемдегі игерілмеген ең ірі вольфрам ресурстық базаларының бірін дамытуға бағытталған. JORC халықаралық стандартына сәйкес, кен орындарының жиынтық минералдық қоры шамамен 1,4 миллион тонна вольфрам триоксидін құрайды. Ал өндірістік қуаты жылына 12 мың тоннаға дейін аммоний паравольфраматын шығаруға есептелген.
Кен орындары Қазақстанның негізгі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі – Қарағанды облысында орналасқан. Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақтының бір-біріне жақын орналасуы өңірдің қолданыстағы өндірістік және кадрлық әлеуетіне сүйене отырып, инфрақұрылым мен логистиканы тиімді дамытуға мүмкіндік береді.
Cove Kaz Capital Group директорлар кеңесі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Әсімовтің айтуынша, Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты жобалары Қарағанды облысындағы ең ірі өнеркәсіптік бастамалардың біріне айналып, Қазақстанның аса маңызды минералдар нарығындағы позициясын күшейте алады.
"Жоба Қазақстан үшін бірегей шикізат қорын игерумен ғана шектелмейді. Ол ел ішінде вольфрамды өндіру, байыту және терең өңдеуді біріктіретін жоғары қосылған құны бар толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба жылына 12 мың тоннаға дейін аммоний паравольфраматын өндіретін толық циклді өндірісті құруды көздейді. Оны іске асыру нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, отандық өндірістік құзыреттер дамып, қазақстандық мердігерлер мен жеткізушілер үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Алдағы 18 айда өндірістік кешеннің нақты параметрлері, инвестиция көлемі және іске қосу мерзімдері айқындалады", – деді Руслан Әсімов.
Жоба аясында кен өндіру, концентрат шығару және жоғары деңгейдегі қайта өңдеу инфрақұрылымын құру көзделген. Осы мақсатта байыту фабрикалары мен әлемдік вольфрам нарығындағы негізгі өнімдердің бірі саналатын аммоний паравольфраматын өндіретін гидрометаллургиялық зауыт салу жоспарланып отыр.
Аммоний паравольфраматы кейіннен вольфрам ұнтақтарын, вольфрам карбидін, қатты қорытпаларды, кескіш құралдарды, бұрғылау жабдықтарының бөлшектерін және басқа да өнеркәсіптік материалдарды өндіруде қолданылады. Жобаны Қазақстанда шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Мұндай өндірістік модель инженерлік жобалау, өндірістік бақылау, зертханалық сүйемелдеу, логистика, сервистік қызмет көрсету және өндірістік процестерді басқару сияқты көптеген салалардағы мамандар мен қызметтерді қажет етеді. Соның нәтижесінде Қарағанды облысында жергілікті кадрларға, мердігер ұйымдарға және жаңа өнеркәсіптік нысанға қызмет көрсететін қосалқы сервистерге сұраныс артуы мүмкін.
Cove Kaz Capital Group компаниясының мәліметінше, жобаға қажетті мамандар саны кезең-кезеңімен көбейеді. Жобалау кезеңінде кадрларға сұраныс шектеулі болса, негізгі жұмыс орындары құрылыс, кен өндіру жұмыстарының басталуы және қайта өңдеу инфрақұрылымының іске қосылуы кезінде ашылады. Алдын ала бағалау бойынша, жобаның түрлі кезеңдерінде 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы мүмкін. Өндірістік нысандар пайдалануға берілгеннен кейін олардың бір бөлігі тұрақты жұмыс орындарына айналады.
Жобаның экономикалық тиімділігі тек тікелей жұмыс орындарын ашумен шектелмейді. Оны іске асыру үшін мердігер ұйымдар, инженерлік және құрылыс компаниялары, жабдық жеткізушілер, логистикалық операторлар, зертханалық және экологиялық қызметтер, өнеркәсіптік қауіпсіздік, IT, техникалық қызмет көрсету және персоналды басқару саласындағы мамандар тартылады. Қарағанды облысында жергілікті бизнеске, қызмет көрсету саласына және өнім жеткізушілерге деген сұраныстың артуына мүмкіндік береді.
Қазір жоба жаңартылған түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу кезеңінде тұр. Бұған дейін, 2023 жылдың сәуірінде, кен орындарының ірі ресурстық әлеуеті мен негізгі өндірістік көрсеткіштерін растаған зерттеулер аяқталған болатын. Жаңа ТЭН-де тау-кен жұмыстарының жоспары, инженерлік шешімдер, құрылыс кезеңдері, капиталдық шығындар, іске асыру кестесі, өндірістік конфигурация және қаржылық модель нақтыланады. Жұмыс шамамен 18 айға созылады.
Жобаның алдын ала инвестициялық көлемі 1,1 миллиард долларға бағаланып отыр. Қазір қаржы түпкілікті ТЭН әзірлеуге, инженерлік жұмыстарға, жобалық топты қалыптастыруға, рұқсат құжаттарын рәсімдеуге, тау-кен жұмыстарының жоспарын, қайта өңдеу қуаттарын, инфрақұрылымды, логистика мен өндірістік қызметті ұйымдастыруға бағытталуда.
Жобада "Тау-Кен Самұрық" қазақстандық стратегиялық серіктес ретінде корпоративтік басқару, институционалдық қолдау және ел ішіндегі негізгі мәселелерді үйлестіру бағытында маңызды рөл атқарады.
Ал Cove Kaz Capital Group жобаның барлық өнімін нарыққа шығаруға жауап береді. Компания коммерциялық стратегияны әзірлеп, әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізіп, ұзақ мерзімді оффтейк келісімдерін жасасуды жоспарлап отыр. Өнімнің негізгі нарықтары ретінде машина жасау, аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі, жоғары технологиялық өндіріс және аса берік материалдар шығаратын дамыған индустриялық мемлекеттер қарастырылмақ.
Қазіргі бағалауға сәйкес, Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарының ресурстық қоры 50 жылдан астам уақыт бойы өндіріс жүргізуге жеткілікті. Бұл тек кен өндіруді ғана емес, қайта өңдеу, сапаны бақылау, кадр даярлау және жергілікті мердігерлерді тартуға негізделген тұрақты өндірістік модель қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба сәтті жүзеге асса, Қазақстан үшін қосылған құнның едәуір бөлігі ел ішінде қалыптасады. Соның нәтижесінде ел жаңа тау-кен нысанын ғана емес, аса маңызды минералдар саласындағы ірі өнеркәсіптік кешенге ие болады. Мұнда 2 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, жергілікті өндірістік құзыреттерді дамытуға, Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге және Қазақстанның әлемдік вольфрам жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтуға ықпал етпек.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты