Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басы бірігіп туған сиам егіздері сәтті ажыратылды

Сиам егіздері
Фото: SSM Health Cardinal Glennon Children's Hospital / YouTube

АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында дәрігерлер бас сүйегі бірігіп туған екі жасар сиам егіздерін сәтті ажыратты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ABC News-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Хияб пен Вухбто есімді апалы-сіңлі Эфиопияда дүниеге келген. Олар бас тұсынан бірігіп туған егіздер болған.

Күрделі операция 24 сағаттан астам уақытқа созылған. Оған түрлі саладағы дәрігерлерден құралған үлкен мамандар тобы қатысқан.

Қыздар 2025 жылғы наурызда алдағы операцияға дайындалу үшін АҚШ-қа жеткізілген. Ал 2026 жылғы наурызда егіздер екі жасқа толған.

Қазір Хияб пен Вухбто Мэриленд-Хайтс қаласындағы Ranken Jordan балалар ауруханасында оңалту және қарқынды ем қабылдап жатыр.

Дәрігер Ник Хоулкамптың айтуынша, қыздардың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Олар қазір жеке оңалту сабақтарына қатысып, операцияға дейін өздігінен жасай алмаған қарапайым қимылдарды меңгере бастаған.

Мәселен, егіздер енді денесін тік ұстап отыра алады. Дәрігерлердің сөзінше, келер уақытта олардың өздігінен тұрып, кейін жүруді үйренуіне мүмкіндік бар.

Сонымен қатар қыздар тамақ ішуді, сөйлеуді, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды және бірге ойнауды үйреніп жатыр.

Дәрігерлер үшін операцияның сәтті аяқталуы ғана емес, қыздардың кейінгі өмірге бейімделуі де маңызды. Сондықтан олармен әртүрлі бағыттағы мамандар тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Статистика бойынша, денесінің белгілі бір бөлігі бірігіп туған егіздер шамамен әр 50-100 мың босанудың бірінде кездеседі. Мұндай егіздердің арасында қыз балалар ұлдарға қарағанда шамамен үш есе жиі дүниеге келеді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 20:25