Астанадағы екінші әуежайды сингапурлық компания салмақ
Астанадағы екінші әуежайдың құрылысына Сингапурдың Changi Airport Group компаниясының еншілес ұйымы – Changi Airports International (CAI) компаниясы қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана әкімдігі, Қазақстанның Көлік министрлігі және Changi Airports International компаниясы елордадағы әуежай инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
"Тараптар Астана қаласында жаңа әуежай салу жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты. Жоба Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру және Астананың транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар тараптар қолданыстағы Астана халықаралық әуежайы бойынша да ынтымақтастық туралы келісімге келді. Атап айтқанда, Changi Airports International компаниясының әуежайды басқаруға, операциялық қызметіне және оны дамытудың басқа да бағыттарына қатысуы қарастырылып отыр.
Қазір тараптар серіктестік құрылымын, жобаларды жүзеге асыру шарттарын және қажетті құжаттарды келісіп жатыр.
Келісімге Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов, көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Changi Airports International компаниясының бас директоры Юджин Ган қол қойды.
Негіздемелік келісім тамыз айында Қазақстанда өткен келіссөздердің жалғасы болды. Сол кезде Changi Airport Group жаңа әуежай салу және Астананы өңірлік авиациялық хаб ретінде дамыту үшін сараптамалық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
Еске салсақ, осыған дейін Астанадағы жаңа әуежайды салу кезінде Сингапурдағы Чанги әуежайының тәжірибесі пайдаланылатынын жазғанбыз. Бұл туралы Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесуі кезінде айтылған.
