Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жазу ерекшелігі балды төмендетпейді: Қазақстандағы 2-4 сынып оқушыларын аралық бағалау басталды

емтихан тапсырған оқушылар
Фото: depositphotos.com

23-30 қыркүйек аралығында еліміздегі мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді. Оқу-ағарту министрлігі оқушыларға қандай тапсырмаларды орындау керектігін және оған қанша уақыт берілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты.

“Қазақ тілі немесе орыс тілі - диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады. Әдебиеттік оқу - шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі. Ал математикада бақылау жұмысы жазылады. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады”, – делінген ақпаратта. 

Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы - 40 минут. Ең жоғары балл: 

- 2-сыныпта - 12, 

- 3-сыныпта - 14, 

- 4-сыныпта - 16 балл.

Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады.

“Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады. Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды”, – делінген ақпаратта.

1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.

Еске салсақ, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде 2-4-сынып оқушыларын бағалаудың жаңа тәсілі енгізілетінін жазғанбыз. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 20:03