Бастауыш сыныптарда ТЖБ алып тасталды: 2026 оқу жылында оқушылар қалай бағаланады?
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде 2-4-сынып оқушыларын бағалаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар мен педагогтердің ұсыныстарын ескеріп, формативтік бағалаудың рөлін күшейтпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Формативті бағалау сақталады, алайда оның тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады. Бірінші вице-министрдің айтуынша, баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен оқу жетістіктерін көбірек ескеруге мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, критериалды бағалау жүйесі сақталады. Осыған сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.
"Бірінші сыныпта баға қойылмайды. Жаңартылған тәртіпте формативтік бағалау сақталып, оның рөлі күшейтіледі. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Ең алдымен формативтік бағалаудың тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі", – деді спикер баспасөз конференциясында.
Алайда бір ғана тапсырманы немесе сабақтың бір кезеңін орындағаны үшін оқушыға 10 балл қойылмайды. Енді баға сабақтың әртүрлі кезеңдеріндегі бірнеше тапсырманы орындаудың жиынтық нәтижесіне қарай қойылады.
Тоқсан ішінде мұғалім әр пән бойынша оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауға тиіс. Мысалы, тоқсанда белгілі бір пәннен 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативті бағалаудан өтуі керек. Бұл ең төменгі талап. Мұғалім оқушыны бұдан да жиі бағалай алады.
Мұндай тәртіп баланың оқу барысындағы ілгерілеуін жүйелі түрде бақылауға және оның күнделікті еңбегін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Оның саны оқу бағдарламасындағы бөлімдердің санына байланысты. Мысалы, тоқсан ішінде оқушылар үш бөлімді меңгерсе, әр бөлім бойынша бір аралық бағалау өткізіледі.
Аралық бағалаудың ең жоғары балы:
- 2-сыныпта – 12 балға дейін;
- 3-сыныпта – 14 балға дейін;
- 4-сыныпта – 16 балға дейін.
Нақты ең жоғары балл тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне байланысты анықталады. Аралық бағалауға арналған тапсырмаларды мұғалім оқу мақсаттарына сәйкес, өздігінен әзірлейді. Бұл ретте Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдары басшылыққа алынады.
ТЖБ болмайды
Бұған дейін, мысалы, математика пәнінен бір тоқсанда оқушы төрт бағалау жұмысын – үш БЖБ және бір ТЖБ орындайтын. Жаңа тәртіп бойынша аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін өткізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ қарастырылмайды.
"Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", "Музыка" және "Дене шынықтыру" пәндері бойынша да бағалау жүйесі өзгереді. Бұл пәндерде күнделікті формативті бағалау жүргізіледі, ал аралық бағалау тоқсанына бір рет өткізіледі.
Пәндердің ерекшелігі ескеріліп, оқушылар практикалық, шығармашылық, жобалық және зерттеу тапсырмалары, жеке және топтық жұмыстар, сондай-ақ спорттық жаттығулар арқылы бағаланады.
Тоқсандық баға автоматты түрде шығарылады
Тоқсандық баға екі көрсеткіш негізінде қалыптасады:
- 50% – формативті бағалау нәтижесі;
- 50% – аралық бағалау нәтижесі.
Осылайша, жаңа жүйеде тоқсандық баға баланың тоқсан бойындағы күнделікті еңбегі мен оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін тең дәрежеде ескеретін болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда педагог мәртебесі артып, білім беру жүйесіне IT мен жасанды интеллект енгізіліп жатқаны туралы жазған едік. 1-4-сыныптардағы "Цифрлық сауаттылық" пәнінің атауы "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", ал 5-11-сыныптардағы "Информатика" пәнінің атауы "Информатика және жасанды интеллект" болып өзгертілді.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
