Қазақстан білім беру жүйесінде не өзгерді: Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

Қазақстанда педагог мәртебесі артып, білім беру жүйесіне IT мен жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер елдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Осы орайда Stan.kz аталған бағыттар бойынша қандай нақты жұмыстар атқарылып жатқанын сұрап білді.
“Педагогтердің жалақысы артты”
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде педагог мәртебесін көтеру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде мұғалімдердің еңбекақысы айтарлықтай өскен.
“Педагог мәртебесін көтеру мақсатында мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген. 2020 жылдан бастап мемлекеттік мектеп мұғалімдерінің жалақысы кезең-кезеңімен ұлғайып, нәтижесінде екі есе артты. Бүгінде Қазақстанда шамамен төрт жүз мың мұғалім қызмет атқарады. Олардың 300 мыңға жуығы біліктілік санаты үшін қосымша үстемеақы алады”, – делінген хабарламада.
Министрлік жалақының қандай қағидатпен есептелетінін түсіндірді.
“Жалақы мөлшері педагогтің біліміне, санатына, еңбек өтіліне және жүктемесіне қарай қалыптасады. Мысалы, педагог-шеберлерге – 50%, педагог-зерттеушілерге – 40%, педагог-сарапшыларға – 35%, ал педагог-модераторларға 30% үстемеақы төленеді. Сонымен қатар ауыл мұғалімдерінің жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда кемінде 25%-ға жоғары. 2024 жылдың қорытындысы бойынша орташа жалақы 352 мың теңге, ал ауылда 435 мың теңге болды”, – делінген министрлік мәліметінде.
Сонымен қатар ведомство педагогтердің кәсіби дамуы да назарда екенін айтты.
“Педагог мәртебесі туралы” заңға сәйкес, мұғалімдер кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыруы тиіс. Соңғы жылдары бұл бағыттағы қамту деңгейі айтарлықтай өскен: 2025 жылы педагогтердің 80%-дан астамы біліктілікті арттыру курстарынан өтті”, – делінген министрлік хабарламасында.
Цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр
Цифрландыру және IT технологияларды енгізу де білім беру жүйесінің маңызды бөлігіне айналды.
“2025 жылы іске қосылған “Ұстаз” ұлттық платформасы педагогтердің кәсіби дамуын басқарудың негізгі цифрлық құралына айналып, аттестация процесін толықтай онлайн форматқа көшірді. Бұл жүйе педагогтердің кәсіби өсу траекториясын айқындап қана қоймай, процестің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік дарынды оқушыларды қолдау мақсатында “SMART Daryn” цифрлық платформасы енгізілгенін мәлімдеді.
“Бұл жүйе оқушылардың білім жетістіктерін талдауға және олардың жеке білім беру бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір 1–9 сыныптарға арналған “Цифрлық сауат” және “Информатика” пәндері жаңартылып, IT бағытындағы білім беру мазмұны күшейтіліп жатыр”, – делінген министрлік жауабында.
Жасанды интеллект білім саласында қалай қолданылады?
Оқу-ағарту министрлдігі жасанды интеллект білім саласына қалай енгізіліп жатқанын айтты.
“Жасанды интеллект технологияларын енгізу де кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жасанды зият құралдары ең алдымен педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайту үшін қолданылып жатыр. Атап айтқанда, есеп беру процестері автоматтандырылып, бағалау және деректерді талдау жүйелері оңтайландырылған. Бұл мұғалімдерді артық қағазбастылықтан босатып, олардың уақытын оқушылармен жұмысқа бағыттауға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, мұғалімдердің жасанды интеллект саласындағы құзыретін дамыту мақсатында үш деңгейлі оқыту жүйесі енгізілген.
“Ол Acquire, Deepen және Create деп аталады. Бүгінде жүздеген мың мұғалім базалық деңгейден өтіп, Жасанды интеллект құралдарын сабақ жоспарлау мен бағалау процесінде қолдана бастады. Оқушылар үшін де жасанды интеллект негіздерін ерте жастан үйретуге бағытталған жобалар әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, Day of AI онлайн-бағдарламасы дайындалды. Бұл бастама оқушылардың жаңа технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдануына мүмкіндік береді. Пилоттық жоба 2026–2027 оқу жылында бірнеше өңірде іске қосылады”, – делінген хабарламада.
Жалпы алғанда, педагог мәртебесін арттыру, цифрландыру және жасанды интеллект енгізу бағытындағы бұл шаралар білім беру жүйесін жаңғыртуға көмектеседі. Сонымен қатар оның сапасын арттыруға бағытталған кешенді қадам ретінде қарастырылады.
"Ай сайын ит-мысықты асырауға 8 миллион теңге жұмсаймын": Қазақстандық панажай иелері далада қалған жануарларды қалай асырайды