Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

105 жастағы бұрынғы лагерь күзетшісі жаппай кісі өліміне қатысы бар деген күдікке ілінді

Лагердегі адамдар
Фото: Getty Images

Германияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери тұтқындар лагерінде күзетші болған 105 жастағы ер адамға қатысты тергеу басталды. Ол одақтас әскердің тұтқындарын жаппай өлтіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Германия прокуратурасы бұрын Вермахт қатарында қызмет еткен сарбаздың елдің батысындағы атышулы Stalag 326 VI K Senne әскери тұтқындар лагеріндегі қызметін тексеріп жатыр.

Соғыс жылдары бұл лагерь арқылы 300 мыңнан астам әскери тұтқын өткен. Ондағы адамдар аштыққа, түрлі ауруға, ұрып-соғуға, мәжбүрлі еңбекке және адам төзгісіз санитарлық жағдайға тап болған.

Прокуратураның мәліметінше, 105 жастағы ер адам “Senne лагерінде күзетші болып жүрген кезінде бірнеше адам өлтіру қылмысына көмектесті” деген күдікпен тергеліп жатыр.

Билефельд қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 21 шақырым жерде, Солтүстік Рейн-Вестфалия аумағында орналасқан лагерьде 15 мыңнан 70 мыңға дейін адам қаза тапқан деген дерек бар.

Тұтқындардың басым бөлігі қолға түскен кеңес жауынгерлері болған. Сонымен бірге мұнда француз, поляк, серб, италиялық және бельгиялық әскери қызметшілер де қамалған.

Лагерьді Вермахт сарбаздары күзеткен. Олардың көбі аумақтық қауіпсіздік батальонының құрамында болған.

1945 жылғы 2 сәуірде лагерьді АҚШ әскері азат етті. Бұл нацистік Германияның тізе бүгіп, Еуропадағы соғыс аяқталуына санаулы апта қалған кез еді.

Арада 81 жылдан астам уақыт өтсе де, Германия прокуратурасы нацистік кезеңдегі қылмыстарға қатысы болуы мүмкін адамдарды әлі де іздестіріп, тергеп келеді.

105 жастағы бұрынғы күзетшіге қатысты іс Германияның Людвигсбург қаласындағы Ұлттық-социалистік қылмыстарды тергеу жөніндегі орталық басқармасы биыл ақпанда материалдарды Дортмунд прокуратурасына жолдағаннан кейін қозғалған.

Stalag 326 лагерінде күзетші болған тағы бір адамға қатысты да тергеу жүргізілген. Алайда ол кейін қайтыс болған.

Людвигсбургтегі орталық басқарма басшысының орынбасары Михаэль Отте Bild басылымына күдіктінің жасын растады.

“Дортмунд прокуратурасында ісі қаралып жатқан Senne әскери тұтқындар лагерінің бұрынғы күзетшісі қазір 105 жаста”, – деді ол.

Осылайша, бұл адам Германия прокуратурасы тергеген ең егде күдіктілердің бірі болуы мүмкін.

Лагердегі адамдар
Фото: Getty Images

Алайда оның жасының үлкен болуы қылмыстық қудалауды автоматты түрде тоқтатпайды. Германияда кісі өлтіру және кісі өлтіруге көмектесу қылмыстарына ескіру мерзімі жүрмейді.

Дегенмен іс сотқа жетсе, алдымен дәрігерлер күдіктінің денсаулығы сот процесіне қатысуға жарай ма, жоқ па – соны анықтауы керек.

Бұдан бөлек, Дортмунд прокуратурасы Вермахттың тағы бір бұрынғы күзетшісіне қатысты жеке тергеу жүргізіп жатыр. Hemer қаласындағы әскери тұтқындар лагеріндегі қызметіне байланысты тергеу басталған кезде ол 100 жаста болған.

Германия Холокост аяқталғаннан кейін ондаған жыл өтсе де, нацистік қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінген егде жастағы адамдарды жауапқа тартуды жалғастырып келеді.

Мәселен, 2022 жылғы желтоқсанда Stutthof концлагерінде хатшы болып жұмыс істеген 97 жастағы Ирмгард Фурхнер 10 505 адамның өліміне және тағы бес адамды өлтіруге әрекет жасауға көмектесті деп танылды.

Сот оған екі жыл шартты жаза тағайындады. Қылмыс жасалған кезде Фурхнер 18-19 жаста болғандықтан, іс кәмелетке толмағандар мен жастарға қолданылатын қылмыстық заңнама бойынша қаралды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 20:07